Жаһандық геосаяси өзгерістер контексіндегі Орталық Азия

2023 жылдың 8 желтоқсанында «Аймақтану және халықаралық қатынастар» кафедрасы, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығы, Волгоград мемлекеттік университеті және Аймақтық зерттеу орталығының бастамасымен, Тұран университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік «Жаһандық геосаяси өзгерістер контекстіндегі Орталық Азия» тақырыпта конференция өтті.

 

Конференцияның мақсаты әлемдегі қазіргі жаһандық геосаяси өзгерістердің Орталық Азиядағы жағдайға әсерін, соған байланысты қауіптер мен тәуекелдерді, сондай-ақ аймақтың одан әрі дамуының перспективаларын талқылау болды.

 

Конференцияның негізгі оқиғалары ретінде әлемнің әр түкпірінен келген спикерлердің баяндамалары болып, конференция офф-лайн және онлайн форматта өтті.

 

Конференция қатысушыларды Қазақстан ЖОО қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры, э.ғ.д,, профессор Рахман Алшанұлы Алшанов; Қазақстандық гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті, саяси ғ.д., профессор Есенжол Қаниұлы Әлияров; «Тұран» университетінің стратегиялық даму, ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, эк.ғ.к. Дина Ибрагимқызы Разақова; Тұран университетінің «Аймақтану және халықаралық қатынастар» кафедрасы жетекшісі, PhD докторы Жеңісбек Мұратбекұлы Төлен құттықтау сөзімен қарсы алды.

 

Конференцияға Тұран университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен қатар, Беркли Калифорния университетінің (АҚШ), Ресей ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институтының, Волгоград мемлекеттік университетінің Қоғамдық дипломатия орталығының, Өзбекстан Республикасының Инха университетінің, Өзбекстан Республикасының перспективалық халықаралық зерттеулер институтының «Энергетикалық геосаясат» орталығың, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Қаз Жен» ПУ, «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» өкілдері қатысты.

 

Конференцияның нәтижесінде, авторларының пікірлерін бағалау, сондай-ақ Орталық Азиядағы ағымдағы геосаяси өзгерістерді талқылау барысында келесі ұсыныстар мен ғылыми нәтижелер әзірленді:

 

  • Орталық Азия аймағының ішіндегі барлық елдеріндегі процестер мен оқиғалардың жеткіліксіз зерттелуінің қазіргі жағдайын өзгерту қажет. Осы мақсатта Тұран университетінде Орталық Азияны зерттеу орталығын ашу ұсынылады. Осы зерттеу орталығы, Орталық Азия ғалымдарын, зерттеушілерін біріктіретін және аймақты іштен және сырттан зерттеудің ғылыми процесін ынталандыратын ғылыми базаға айналуы керек;
  • Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті барлық елдердің интеграциясы арқылы нығайтуды талап етеді. Интеграцияны нығайтудың ең тиімді және ұтқыр шаралары ретінде, өзара тиімділік пен серіктестікке негізделген сауда, адамдардың, капиталдың еркін қозғалысы болып табылады;
  • Жаһандану Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне әртүрлі қауіп төндіреді, бірақ ең елеулі қауіп ол – экономикалық тәуелділік және жаһандық экономикалық дағдарыстарға осалдығы. Бұл жағдайда Орталық Азия елдері бәсекелестік пен бақталастықтың нарықтық тетіктерін конфликт немесе жанжал үшін емес, аймақтағы кәсіпорындар мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін пайдалануы керек.
  • Жаһандық жылыну, шөлейттену және су тапшылығы аймақ үшін елеулі қауіп болып табылады. Осы жағдайларда әлемдегі және аймақтағы климаттың өзгеруі жағдайында ең қолайлы ауыл шаруашылығы дақылдарын, мал шаруашылығын және агроөнеркәсіпті табу үшін аймақтың барлық елдеріндегі дәстүрлі өндіріс пен өнеркәсіп салаларын қайта қарау қажет.
  • 1991 жылдан бері Орталық Азия аймағындағы интеграцияның өткен әрекеттері көптеген ішкі және сыртқы себептерге байланысты тиімсіз және нәтижесіз болды. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның жаңа басшылары билікке келгеннен бері, аймақ елдерінің интеграциясын іштен қайта бастауға мүмкіндік туды. Дегенмен, тиімді үдеріс үшін интеграцияны енді саясаттан емес, нақты тауар саудасы, немесе бірлескен өндірістің практикалық сұрақтарынан басталған, Еуропадағы және әлемнің басқа аймақтарындағы интеграция тәжірибесін пайдаланудан бастау қажет.
  • Орталық Азиядағы интеграция жаңа біріктіруші белгілер, терминдер немесе процестер қолданылса, тиімдірек болады. Орталық Азия аймағы мен халқын сипаттау үшін «Түркістан» немесе «түркістандық» терминдерін символдық мысал ретінде қолдану мүмкін.

 

«Аймақтану және халықаралық қатынастар» кафедрасы, конференцияның барлық қатысушыларына алғысын білдіріп, болашақтағы тағы басқа ғылыми ынтымақтастықты күтеді!

Online қабылдау