Тұран университетінің ҒЗТКЖ және инновацияларды коммерцияландыру орталығы Abaı Innovation Fest алаңында: ғылым мен технологияның болашағына көзқарас

08.04.2025 ж. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен Ғылым апталығы аясында Abaı Innovation Fest фестивалі өтті. Бұл ауқымды шара университеттерді, ғылыми орталықтарды, стартаптарды және мемлекеттік құрылымдарды бір алаңға жинады. Фестивальдің басты іс-шараларының бірі — «Lab2Market. Әлемді өзгертетін инновациялар» атты панельдік сессия болды, онда ғылымды коммерцияландырудың өзекті мәселелері талқыланды.

 

Туран университетінің ғылыми зерттеулер мен инновациялық қызметті коммерцияландыру орталығы жоғары оқу орындарында тиімді инновациялық экожүйе құруға бағытталған практикалық тәсілдерін ұсынды. Университеттердің тек білім беру мекемесі ғана емес, сонымен қатар технологиялық прогресс пен экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналып келе жатқаны атап өтілді.

 

Ғылыми әзірлемелерді зертханадан нарыққа шығару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Коммерцияландыру тек патент рәсімдеумен шектелмейтіні, ол — зерттеушілерде кәсіпкерлік ойлауды дамыту, пәнаралық командалар құру, бизнес-модельдер мен серіктестерді іздеу, инвесторлармен жұмыс істеу және технологияларды нарыққа шығару сияқты кешенді үдеріс екені айтылды.

 

Университеттік инфрақұрылымды жаңғырту — даму басымдықтарының бірі ретінде көрсетілді. Яғни коммерцияландыру орталықтарын, бизнес-инкубаторлар мен технопарктерді құру, сондай-ақ ғылым, бизнес және инвесторлар арасындағы өзара іс-қимыл мәдениетін қалыптастыру қажеттігі баса айтылды. Қытай мен Израиль университеттерінің тәжірибесі мысалға алынып, мұнда ғылыми, өндірістік және құқықтық бағыттарды біріктіретін тиімді модельдер қолданылып жатқаны аталды.

 

Сондай-ақ, коммерцияландырудың құқықтық қырлары да назардан тыс қалмады. Сарапшылар Қазақстанда зияткерлік меншік саласын реттеу тетіктерін жетілдіру қажеттігін және бұл үдерісте зерттеушіден бастап инвесторға дейін барлық тараптардың мүддесін ескеру маңызды екенін атап өтті. Тұрақты инновациялық орта — зерттеуші өз идеясын іске асыру жолында қолдауды, қорғанысты және ынталандыруды сезінген жағдайда ғана қалыптаспақ.

 

Сессия соңында ХХІ ғасыр университеттерінің жаңа миссиясы жайлы басты ой айтылды: бүгінде жоғары оқу орындары — тек білім ордасы ғана емес, сонымен бірге қоғам мен экономиканы өзгертетін қозғаушы күш. Бұл рөлді неғұрлым тез мойындаса, соғұрлым уақыт талабына лайық бейімделіп, қоғамға бағытталған болашақты тиімді құра алады.

Online қабылдау