Кембридж университетінің профессоры Урадын Булагтың Аймақтық зерттеулер орталығындағы дәрісі

2025 жылғы 8 сәуірде «Тұран» университетінің Аймақтық зерттеулер орталығында Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің Әлеуметтік антропология кафедрасының профессоры, Моңғолия мен Ішкі Азияны зерттеу орталығының директоры, PhD доктор Урадын Булагтың «Қытай мен Моңғолиядағы Юань әулеті: даулы мұра, историография және ұлттық онтологиялар» тақырыбында дәрісі өтті.

 

Дәрісте Юань әулетінің (1271–1368) Қытай тарихындағы интерпретациясы талқыланды. Бұл әулет Қытай мен Моңғолия историографиясында ерекше орын алады және оның даулы тарихи мұрасы ұлттық бірегейлік, тарихи баяндау және мемлекеттік легитимділік арасындағы күрделі байланыстарды көрсетеді.

 

Профессор У. Булаг Юань әулеті тарихына интерэтникалық және этносаралық конструктивистік көзқарастарды талдады. Қытай мен Моңғолия Юань әулетін ұлттық онтологияларын қалыптастырудың өзегіне айналдырып отыр. Қытайдың көпэтносты историографиясында Юань заңды қытайлық әулет ретінде қарастырылады, ол моңғол билеушілерін Қытайдың аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған көпэтносты құрылымға енгізеді. Бұл көзқарас Тибет пен Ішкі Моңғолиядағы моңғолдар тарапынан жиі сынға ұшырайды.

 

Керісінше, моңғол историографиясы Юань әулетін кеңестік кезеңдегі «татар езгісі» туралы анти-моңғолдық дискурстың әсерімен қалыптасқан интернационализм қағидасы арқылы бағалайды және оны қытайланған тарихи ауытқу ретінде сипаттайды. Алайда постсоциалистік бастамалар Юань әулетін жаһандық моңғол мұрасының кең ауқымды көрінісіне енгізуге тырысуда. Осылайша, Юань әулетінің тарихы – «тарих үшін күрес» аренасына айналды. Бұл аренада этникалық әртүрлілік пен ұлттық бірлік арасындағы шиеленіс Қытай мен Моңғолияда айқын көрінеді.

 

Урадын Булаг –  Қытай мен Моңғолия тарихына арналған бірнеше еңбектің авторы, олардың қатарында: «Ынтымақтастық ұлтшылдығы: Қытай шекарасындағы достық саясаты» (2010), «Қытай шекарасындағы моңғолдар: ұлттық бірлік тарихы мен саясаты» (2002), «Моңғолиядағы ұлтшылдық пен гибридтілік» (1998) атты еңбектер бар.

 

2025 жылы д-р Урадын Булаг Назарбаев университеті (Астана) мен «Тұран» университетінде (Алматы) шақыртылған зерттеуші ретінде ғылыми жұмыстар жүргізді.

Online қабылдау