Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы өкілдерімен мазмұнды кездесу өтті

Университетімізде Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы өкілдері,  Бас консул Тугба Алан Өзденфедакар мен Білім беру атташесі Шүкүр Көсе арнайы сапармен қонақта болды. Кездесу тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен  одан әрі дамыту перспективаларын жан-жақты талқылады.

 

Келелі кездесу барысында ғылым, зерттеу және жоғары білім беру салаларындағы әріптестікті институционалдық деңгейде нығайту, профессор-оқытушылар құрамының академиялық алмасуын жолға қою, бірлескен ғылыми жобалар мен тағылымдамалар ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қос диплом бағдарламаларын іске асыру, бірлескен ғылыми жарияланымдар әзірлеу және халықаралық гранттық жобаларға бірлесе қатысу мүмкіндіктері қарастырылды.

 

Университет жанынан ашылып, кәсіби қызметін табысты жүзеге асырып келе жатқан Тұран академиясының жұмысы мен халықаралық бағыттағы бастамалары таныстырылды. Академия аясында жүзеге асырылып жатқан білім беру, зерттеу және сараптамалық жобалар, сондай-ақ шетелдік серіктестермен орнатылған байланыстар туралы мазмұны жобалар таныстырылды. Қонақтар академия қызметінің жүйелілігі мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін жоғары бағалады.

 

Тұран Университеті үшін халықаралық байланыстарды кеңейту стратегиялық басымдықтардың бірі.Академиялық мобильділік бағдарламалары шеңберінде студенттер мен жас зерттеушілердің тәжірибе алмасуына, кәсіби құзыреттерін арттыруына және жаһандық білім беру кеңістігіне кірігуіне жағдай жасауға айрықша мән беріледі. Бұл тұрғыда Түркия жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікті дамыту маңызды бағыт ретінде айқындалды.

 

Мазмұнды әрі нәтижелі өткен кездесу өзара сенім мен серіктестікке негізделген ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Алдағы уақытта ғылым, білім және академиялық алмасу бағытындағы бірлескен бастамалар нақты жобалар арқылы жалғасын табады деп сенеміз. Университетіміз халықаралық әріптестікті жүйелі түрде дамыта отырып, ортақ білім беру және ғылыми мақсаттарға қол жеткізу жолындағы жұмыстарын дәйекті түрде жалғастыра береді.

Online қабылдау