Академиялық демалыс

«ТҰРАН» УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІЛІМ АЛУШЫЛАРЫНА АКАДЕМИЯЛЫҚ ДЕМАЛЫС БЕРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ

1. ЖАЛПЫ ТАЛАПТАР

1.1. Осы ішкі нормативтік акт (бұдан әрі – Саясат) «Тұран» университеті» мекемесінің ұйымдық құжаттар құрылымына енгізілген және 2007 жылдың 27 шілдесіндегі №319-ІІІ Қазақстан Республикасы “Білім туралы” Заңына (өзгерістер енгізілген), «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығына және университеттің академиялық саясатына сәйкес әзірленген.


1.2. Академиялық демалыс – білім алушылардың (студенттердің, магистранттар мен докторанттардың) денсаулығына байланысты, оның ішінде жүктілігі және бала тууына байланысты, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер қатарына шақырылғандар өз оқуын уақытша тоқтата тұратын кезең.


1.3. Академиялық демалыс беру кезінде мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушы тұлғаның, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқу құқығы сақталады және оның оқуын қаржыландыру (дәрігерлік-консультациялық комиссияның негізінде академиялық демалыстағы білім беру гранттарының иегерлеріне белгіленген тәртіппен стипендиялар төлеу үшін қарастырылатын шығыстарды қаржыландырудан басқа) берілген академиялық демалыс кезеңі бойында тоқтатылып, осы демалыс аяқталғаннан соң қайта жалғастырылады.


1.4. Ақылы негізде білім алушыға академиялық демалыс берілген кезде академиялық демалыс кезеңі бойында оқуына төлемақы төлеу тоқтатылады.

2. АКАДЕМИЯЛЫҚ ДЕМАЛЫСТАР БЕРУ ТӘРТІБІ МЕН МЕРЗІМДЕРІ

2.1. Академиялық демалысты ресімдеу үшін білім алушы «Тұран» университетінің ректорының атына өтініш береді және оқуды уақытша үзудің негізділігін растайтын құжаттарды тапсырады.


2.2. Медициналық көрсеткіштеріне байланысты академиялық демалыс білім алушыларға келесі негіздемелер бойынша беріледі:


2.2.1. амбулаториялық-емханалық ұйым жанындағы дәрігерлік-консультациялық комиссияның (бұдан әрі – ДКК) қорытындысы бойынша сырқатына байланысты ұзақтығы 6 айдан 12 айға дейін;


2.2.2. туберкулезбен ауырған жағдайда туберкулезге қарсы медициналық ұйымның жанындағы Орталық дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бойынша беріледі.

2.3. Сондай-ақ білім алушыға академиялық демалыс мынадай негіздерде:

2.3.1. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметке шақыру қағазы болғанда;


2.3.2. босанғанда, ұл немесе қыз бала асырап алғанда – заңнамада белгіленген жағдайларда ұзақтығы 3 жылға дейін.


2.4. Ұсынылған құжаттардың негізінде ректор үш жұмыс күнінің ішінде білім алушыға басталу және аяқталу мерзімін көрсете отырып, академиялық демалыс беру туралы бұйрық шығарады.


2.5. Осы бағдарламаны қаржыландырудың тиісті сомасы мен мерзімдерін түзету үшін ректор білім беру гранты бойынша білім алушыға академиялық демалыс беру туралы бұйрықтың көшірмесін білім саласындағы уәкілетті органға жолдайды.

3. АКАДЕМИЯЛЫҚ ДЕМАЛЫСТАН КЕЛУ ТӘРТІБІ МЕН МЕРЗІМДЕРІ

3.1. Білім алушы академиялық демалыстан келген соң бес жұмыс күні ішінде ректордың атына өтініш береді және науқасына байланысты академиялық демалыста жүрген білім алушы – осы мамандық бойынша білімін жалғастыру мүмкіндігі туралы қорытындымен қоса науқастың қаралған емдеу ұйымынан денсаулық жағдайы туралы ДКК анықтамасын тапсырады.


3.2. Білім алушы академиялық демалыстан келген соң бес жұмыс күні ішінде ректордың атына өтініш береді және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер қатарынан оралған жағдайда – әскери қызметтен өту туралы жазбамен әскери куәліктің көшірмесін тапсырады.


3.3. Бала күтіміне байланысты үш жасқа толғанға дейін академиялық демалыста болған білім алушы, аталған оқиғаға дейін бес жұмыс күні ішінде ректордың атына өтініш білдіріп, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін тапсырады. Сонымен қатар, жыл сайын үш жасқа дейін академиялық демалысты белгіленген тәртіппен ұзарту тиіс.


3.4. Факультет деканының басшылығымен арнайы комиссия ұсынылған құжаттардың негізінде оқу жұмыс жоспарындағы пәндердің айырмашылығын анықтап, академиялық мәселелер департаментімен келісе отырып, білім алушының оқу курсын және жеке оқу жоспарын бекітеді (мамандықты жүргізетін Офис Регистратордың қолымен).

Оқу курсы білім алушыларды ауыстыру немесе қайта қабылдау жағдайындағы ереже бойынша пререквизиттерін есепке ала отырып анықталады


3.5. Ректор ұсынылған құжаттардың негізінде білім алушының мамандығын, курсын және тобын көрсете отырып, үш жұмыс күнінің ішінде академиялық демалыстан шығу туралы бұйрық шығарады.


3.6. Осы бағдарламаны қаржыландырудың тиісті сомасы мен мерзімдерін түзету үшін ректор мемлекеттік білім беру гранты бойынша білім алушы академиялық демалыстан келген кезде аталған бұйрықтың көшірмесін үш жұмыс күнінің ішінде білім саласындағы уәкілетті органға жолдайды.


3.7. Егер академиялық демалыстан келу немесе академиялық демалысқа шығу уақыты академиялық кезеңнің басталуына немесе аяқталуына сәйкес келмесе, білім алушы жеке кесте бойынша барлық оқу тапсырмаларын орындап, рейтингке рұқсат алу үшін қажетті балдарды жинауы тиіс немесе жазғы семестрде айырмашылықтар пайда болған пәндерге жазылады.


3.8. Білім алушы айырмашылық пәндерін жою үшін ағымдағы оқу жұмысымен қатар академиялық кезеңде барлық оқу пәндеріне қатысып, сол пән бойынша оқу жұмыс жоспарында қарастырылған ағымдағы және кезеңдік бақылаудың барлық түрлерін тапсырады, рұқсат алады және академиялық күнтізбеге сәйкес білім алушылардың аралық аттестаттауы кезеңінде қорытынды бақылауды тапсырады.


4. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР


4.1 Ережені жаңартуды университеттің академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры жүзеге асырады.


4.2 Бұл ереже ректордың бұйрығымен бекітіледі.


4.3 Бұл ереже бекітілген сәттен бастап күшіне енеді және жаңасына ауыстырылғанға дейін күшін сақтайды (3 жылдан аспайтын мерзім ішінде).


4.4 Қажет жағдайда Ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізіле алады.


4.5 Бұл ереже ауыстырылуы және қайта бекітілуі қажет жағдайлар:
– Университеттің атауы өзгерген;
– Университеттің, бөлімшелердің қайта құрылуы;
– құжатқа 3-тен аса елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда;
– бекітілген күннен бастап 3 жыл өткеннен кейін.

Online қабылдау