2024 жылғы 12 қарашада «Тұран» университетінің Халықаралық қатынастар және дипломатия Жоғары мектебінің Өңірлік зерттеулер орталығында Сібір федералды университетінің (Красноярск, Ресей) тарих ғылымдарының докторы, профессор В.Г. Дацышиннің «Қытайлықтардың Ресей империясы мен КСРО-ға миграциясы» тақырыбында дәрісі өтті. Владимир Григорьевич Дацышин – Ресей, Моңғолия және Жапония арасындағы қарым-қатынас тарихы, Оңтүстік Сібірдің этникалық тарихы және халықтары, сондай-ақ Ресейдегі қытай және жапон миграциясы бойынша танымал ресейлік тарихшы, шығыстанушы маман. Дәріс барысында ғалым Ресей-Қытай қарым-қатынасы контексінде Қытайдың ханьдық қоныс аударушыларының Сібір мен Қиыр Шығыстағы тарихын зерттеудің өзекті мәселелерін талқылап, Ресей Федерациясындағы қытайтанудың негізгі бағыттарын ашып көрсетті. Дәріс «Аймақтану» және «Халықаралық қатынастар» мамандықтары бойынша білім алатын студенттер мен «Тұран» университетінің профессор-оқытушылар құрамына арналды. Дәрісте көтерілген мәселелерді талқылауға Халықаралық қатынастар және дипломатия Жоғары мектебінің директоры, профессор А.Т. Мухамбедьярова, Өңірлік зерттеулер орталығының директоры, профессор А.К. Камалов, қауымдастырылған профессор, тарих ғылымдарының кандидаты З.К. Каримова, оқытушылар А. Алтынбек және А. Абдрахманов қатысты.