2025 жылдың 13 ақпанында Үндістанның Орталық Химачал Прадеш университетінде (Central University of Himachal Pradesh) «Өңірлердегі әйел кәсіпкерлерді қолдау: тұрақты даму мақсаттарының 8-мақсатына: қалыптастыру мен экономикалық өсімге жетуді бағалау» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Конференцияны Орталық Химачал Прадеш университетінің Сауда және бизнес мектебі және Кәсіпкерлік пен Инновациялар Орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
ㅤ
Тұран университетінің Сыртқы байланыстар және докторантура жөніндегі проректоры Таяуова Гулжанат Жубаткановна, қадірлі қонақ ретінде, халықаралық конференцияның ашылуында сөз сөйледі. Таяуова Г.Ж. Үндістан мен Қазақстан арасындағы байланыстың терең мәдени тарихына тоқталып, қос елдегі әйелдер арасындағы кәсіпкерлерліктің қалыптасуына шолу жасап, БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
ㅤ
ㅤ
Профессор Таяуова Гулжанат Жубаткановна ашылу салтанатында:
ㅤ
«Кәсіпкерлік дегеніміз – бұл инновация, тәуекел және тұтас құндылықтар жүйесін қалыптастыру негізі. Ал, әйелдердің кәсіпкер болуы тек бизнес жүйесін ғана қалыптастырмайды, сонымен қатар тұтас экожүйе құрып болашақтың негізін қалайды», – деп атап өтті.
ㅤ
ㅤ
Сонымен қатар, еліміздегі әйелдер арасындағы кәсіпкерліктің дамуына ерекше тоқталып:
ㅤ
«Қазақстанда шағын және орта бизнеске әйелдердің қатысуы Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Елімізде, ШОБ-тың шамамен 43%-ы әйелдерге тиесілі», – деп атап өтті.
ㅤ
ㅤ
Сөз соңында:
«Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тек гендерлік теңдікке қол жеткізу ғана емес, сонымен қатар жаһандық мәселелерді шешуде қосымша 50% әлеуетін ашу деген сөз», – деп қорытындылады.