ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Жас Ғалымдар Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

2025 жылдың 25 ақпанында Астанадағы Республикалық Достық үйінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың төрағалығымен Жас Ғалымдар Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

 

Іс-шараға Тұран университетінің Ғылыми-инновациялық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталығының директоры, PhD докторы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Жас Ғалымдар Кеңесінің мүшесі Оразбекұлы Ерболат қатысты.

 

 

Отырыс барысында талқыланған негізгі мәселелер:

 

  1. Ғылым бөлімшелері бойынша төрағаларды бекіту;
  2. 2025 жылға арналған Жас Ғалымдар Кеңесінің жұмыс жоспарын талқылау;
  3. «Үздік Жас Ғалымдар Кеңесі» конкурсының ережелерін қарастыру;
  4. Жеке тұлғаларға аккредитация беру тәжірибесін қайта қарау;
  5. Ұлттық ғылым академиясының даму стратегиясымен танысу.

 

 

2024 жылы алғаш рет ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас Ғалымдар Кеңесі құрылды. Оның басты мақсаты – жас ғалымдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсету және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту.

 

Кеңес құрылған сәттен бастап Қазақстандағы ғылыми басқару жүйесінің өзекті мәселелерін талқылауға белсенді араласып келеді. 2024 жылы Кеңес бірқатар маңызды бастамаларды көтерді, олардың ішінде:

 

  • «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына өзгерістер бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  • Ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі бастамаларды көтеру;
  • Мемлекеттік ғылыми сыйлықтар мен стипендияларды беру ережелеріне ұсыныстар енгізу;
  • Ұлттық баяндамаға алғаш рет Жас ғалымдар туралы арнайы бөлім енгізу;
  • Жас ғалымдардың алғашқы республикалық конгресін ұйымдастыру.

 

2025 жылы Кеңес құрамы 50%-ға жаңартылып, оның қатарына әртүрлі ғылыми салалардағы беделді 31 жас ғалым енді. Кеңес құрылымы Ұлттық ғылым академиясының құрылымына сәйкестендіріліп, жұмысы ғылым бөлімшелері бойынша ұйымдастырылды.

 

Кеңес жыл сайын ғылымды дамыту, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми ортадағы өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар әзірлейді. Мемлекет басшысының ғылым мен жас ғалымдарды қолдауға деген ерекше назарының арқасында көптеген бастамалар сәтті жүзеге асуда.

 

Жас Ғалымдар Кеңесі алдағы уақытта да Қазақстандағы ғылымның дамуына белсенді атсалысып, жас зерттеушілердің мүдделерін қорғайтын маңызды алаң болып қала береді!

Online қабылдау