Zhubanov University-де «Туран» университетінің ұйымдастыруымен стартаптарды акселерациялау және инкубациялау университеттік экожүйесін дамытуға арналған практикалық тренинг өтті. Тренингке академиялық ортада кәсіпкерлік белсенділікті дамытқысы келетін жас ғалымдар мен университет әкімшілігінің өкілдері қатысты.
Тренинг барысында акселерациялық және инкубациялық бағдарламалардың тиімді үлгілері, жобаларды іріктеу және сүйемелдеу тәсілдері қарастырылып, инновациялық стартаптарға мемлекеттік қаржыландыруға өтінім беру бойынша практикалық тапсырмалар орындалды. Қазақстанда қолданыстағы қолдау бағдарламаларына, гранттық және венчурлық қаржыландыру тетіктеріне, сондай-ақ университет стартаптарының тұрақты дамуына ерекше назар аударылды.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тақырыбы да қозғалды, бірақ тренингтің негізгі екпіні университет қабырғасындағы инновациялық жобаларды іске қосуға арналған практикалық құралдар мен сыртқы ресурстарды тарту жолдарына бағытталды.
Бұл тренинг университет ғылымы, кәсіпкерлік және мемлекеттік инновациялық қолдаудың арасындағы байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Жақын арада Zhubanov University базасында «Туран» университетінің мамандарының менторлық қолдауымен пилоттық акселерациялық бағдарламаларды іске қосу жоспарлануда.