Сыбайлас жемқорлық – құқықтық мемлекетке төнетін ең күрделі қауіптердің бірі. Ол мемлекеттік билік институттарына деген қоғам сенімін әлсіретіп, әділдік, теңдік және ашықтық қағидаттарын бұзады. Бұл теріс құбылыспен тиімді күрес жүргізу жүйелі және мақсатты алдын алу шараларынсыз мүмкін емес.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында белгіленген. Олардың қатарында:
- Құқықтық сауаттылықты арттыру және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Дәрістер, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен тренингтер өткізу азаматтардың жемқорлыққа төзбеушілігін қалыптастырып, этикалық және құқықтық нормаларды сақтау жауапкершілігін арттырады.
- Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және жою. Барлық мемлекеттік органдар өз қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау арқылы анықтайды. Бұл негізде ішкі рәсімдер мен регламенттерді жетілдіру шаралары қабылданады.
- Цифрландыру және процестерді автоматтандыру. Электрондық қызметтер мен құжат айналымының автоматтандырылған жүйелерін енгізу адам факторын азайтып, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы тікелей байланысты шектейді, бұл жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.
- Ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету. Мемлекеттік органдар өз қызметі, қабылданған шешімдер, мемлекеттік сатып алулар мен бюджет қаражатын пайдалану туралы ақпаратты ашық жариялауы тиіс. Бұл қоғамдық бақылауды арттырады.
- Адалдық қағидатын енгізу. Мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары этикалық стандарттарды сақтау және «нөлдік төзімділік» қағидатын енгізу – жемқорлыққа қарсы тұрақты ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – бір реттік емес, үнемі жалғасатын кешенді жұмыс. Мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен әрекеті арқылы ғана әділетті және ашық қоғам құруға болады.
Автор: ҚР Әділет министрлігі Алматы қаласының Әділет департаментінің бас маманы Сапарова Томирис Бақытжанқызы