2025 жылғы 6–8 маусым аралығында «Тұран» университетінде «Мәдениеттер тоғысында: Орталық Азия және Кавказ еврейлері» атты III халықаралық конференция сәтті өтті. Шараны Мәскеудегі Еврей мұражайы және толеранттылық орталығы (Ресей), Иерусалимдегі Бен-Цви институты (Израиль) және «Тұран» университеті бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияның бірінші кезеңі 4 маусымда Мәскеуде, Еврей мұражайы және толеранттылық орталығында өтті. Екінші кезеңін «Тұран» университетінің Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебі жанындағы Аймақтық зерттеулер орталығы ұйымдастырды.
Орталық Азия мен Кавказ еврейлерінің тарихы мен мәдениетіне арналған ғылыми кездесуді тұрақты дәстүрге айналдыру көзделуде: алғашқы конференция Самарқандта өтті, екінші кездесу Тбилисиде ұйымдастырылса, бұл жолғысы Алматыда өтті.
«Тұран» университетінде өткен конференция аясында алты секция жұмыс істеп, Орталық Азия мен Кавказдағы еврей қауымдастықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты 21 баяндама тыңдалды. Конференцияның ашылу отырысын Аймақтық зерттеулер орталығының директоры, профессор Камалов Аблет Каюмович ашты. Университет әкімшілігі атынан конференцияға қатысушыларға Халықаралық қатынастар және аймақтық зерттеулер жоғары мектебінің директоры, профессор Мухамбедьярова Алтынай Толеуовна құттықтау сөз сөйледі.
Конференция ұйымдастырушылары – Еврей мұражайы және толеранттылық орталығының директоры Светлана Николаевна Амосова және Орталық Азия мен Иран еврейлерін зерттеу орталығының директоры, Бен-Цви институтының өкілі Зеев Левин (Иерусалим) де құттықтау сөз сөйледі.
Конференция жұмысы Орталық Азия мен Ирандағы еврей қауымдастықтарының тарихына арналған сессиямен басталды: В. Месамед (Израиль) Иран еврейлері туралы баяндама жасады, ал Чехия Ғылым академиясынан Ахмад Азизи мен Томас Лой Ауғанстан еврейлері және 1910–1914 жылдары шыққан бухарлық еврейлердің «Рахамим» газеті туралы айтты.
Кавказдағы таулы еврейлердің тарихы мен бірегейлігіне арналған жеке отырыс өтті. Израильдегі Еврей университетінің өкілі Хен Брам Абхазия еврейлерінің бірегейлігіне қатысты далалық зерттеулерінің нәтижесін таныстырды. Светлана Амосова мен Елена Фоменко Ресейдегі таулы еврейлердің көші-қонының гендерлік аспектілері жайлы баяндады. С. Падалко (Санкт-Петербург) 1960–1980 жылдардағы таулы еврей қауымдастықтарындағы раввиндер мен қасапшылар тарихын қарастырды. С. Амосова таулы еврейлердің дәстүрлі асханасының ерекшеліктері туралы сөз қозғады. Н. Ханның (Бішкек, Қырғызстан) баяндамасы Бішкек еврей қауымдастығының тарихы мен қазіргі жағдайына арналды.
Орталық Азия мен Кавказ халықтарының өнеріндегі еврейлердің рөліне арналған отырыста келесі баяндамалар тыңдалды: З. Гафурова мен В. Косякова (Мәскеу) Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы С.М. Эйзенштейннің Алматыдағы өмірі мен шығармашылығын, М. Балакирски (Бар-Илан университеті, Израиль) эвакуация кезіндегі мультипликация мен Брумберг әпкелерінің Самарқандтағы шығармашылығын, ал А. Алексахина-Кедреновская грузин суретшісі әрі режиссері Резо Габриадзенің (Тбилиси) Кутаиси қаласындағы еврей кварталы туралы естеліктерін талдады.
Орталық Азиядағы еврейлер тарихына қатысты Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі эвакуация мен саяси қуғын-сүргін мәселелеріне арналған баяндамалар жасалды. Атап айтқанда, Қарақалпақстандағы Гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының өкілі А.М. Жұмашев соғыс жылдары Кеңес Одағының еуропалық бөлігінен еврейлердің Қарақалпақстанға эвакуациялануы туралы баяндады. Ресей Федерациясының Мемлекеттік архивінен (Мәскеу) К. Ривчак 1941 жылы эвакуацияланған кеңес азаматтарының ұлттық құрамын орталықтандырылған есепке алу туралы баяндама жасады. «Тұран» университетінен (Алматы) А.Т. Мухамбедьярова саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға негіз болатын дереккөз ретіндегі арнайы қоныстанушылардың жеке істері мен карточкалары жайлы баяндама ұсынды. Жоғары экономика мектебінен (Мәскеу) Я. Карпенкина 1941–1942 жылдары Орталық Азиядағы поляк еврейлерінің өмірі мен тіршілігі туралы баяндады.
Орталық Азиядағы еврей қауымдастықтарының тарихына арналған отырыста Т. Дорошенко (Өзбекстан Ұлттық университеті, Ташкент) Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Түркістанға келген еврей босқындары туралы айтып өтті. Израильдегі Ахва академиялық колледжінен И. Владимирски Қазақстан тарихнамасына еврей ғалымдарының қосқан үлесін Яков Давидович Серовайский мен Григорий Федорович Дахшлейгердің өмірі мен қызметі мысалында баяндады. Жоғары экономика мектебінің (Мәскеу) өкілі К. Танис Өзбекстандағы еврей қауымының тарихына өзінің ата-әжесі Борис пен Марина Танистің өмірбаяны арқылы көзқарас ұсынды.
Конференцияның қорытынды отырысында Зеев Левиннің редакциясымен Иерусалимдегі Бен-Цви институтынан М. Майман таулы еврейлер арасындағы Холокост естелігінің дамуы туралы баяндама жасады. Ресей ғылым академиясының ИНИОН мен Славистика институтының ғалымдары С. Белянин мен Е. Закревская Нальчиктегі таулы еврейлерді құтқару туралы әңгімелердің шынайылығы мен риторикасы жайлы зерттеулерін ұсынды.
Конференцияда баяндамашылармен қатар модератор ретінде Лиссабон университетінің профессоры Антониу Эдуарду Мендонса мен «Тұран» университетінің Аймақтық зерттеулер орталығының директоры, профессор Камалов А.К. қатысты.
«Тұран» университетіндегі конференция аясында Ұлыбританияда жарық көретін ғылыми «Central Asian Survey» журналының 2025 жылғы №44(2) арнайы шығарылымының тұсаукесері өтті. «Көршілер мен жатжерліктер: мұсылмандар, еврейлер және басқа азшылықтар Орталық Азия мен Кавказда XIX–XX ғғ.» деп аталатын бұл шығарылым Орталық Азия мен Кавказдағы еврейлер тарихы мен мәдениетіне арналды. Онда өңірдегі еврейлерді зерттейтін жетекші мамандардың жеті мақаласы жарияланған.
Конференцияның соңғы бөлігі – «XIX–XX ғасырлардағы Орталық Азия мен Кавказдағы азшылықтарды зерттеу: еврейлерге орын бар ма?» тақырыбындағы Дөңгелек үстел отырысы болды. Конференция қатысушылары үшін қызықты мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды: Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейіне бару және «Медеу» биік таулы мұз айдынына экскурсия жасалды.
III Халықаралық «Мәдениеттер тоғысындағы халықтар: Орталық Азия мен Кавказ еврейлері» конференциясының ұйымдастырушылары мен қатысушылары ғылыми форумның жоғары деңгейде өтуіне жағдай жасағаны үшін «Тұран» университетіне ризашылықтарын білдірді.