Аймақтық зерттеулер орталығының директоры, профессор Камалов А.К. Берлиндегі халықаралық конференциясында негізгі баяндамашы (key-note speaker) ретінде сөз сөйледі

«Тұран» университетінің Аймақтық зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Камалов Аблет Каюмович 2025 ж. 16–18 шілде аралығында Берлин қаласында (Германия) Мемлекеттік кітапханада өткен «Синьцзяндағы транзакциялар: Қытайдың батыс аймақтары туралы мәдени, әлеуметтік-экономикалық және тарихи дереккөздер (1750–1976)» атты халықаралық конференцияда негізгі баяндамашы (key-note speaker) ретінде сөз сөйледі.

 

Оның «XIX – XX ғасырдың басындағы Қашғарияның әлеуметтік тарихы орыс дереккөздерінде» атты баяндамасымен үш күнге созылған конференция басталды. Конференция Қытай Орталық Азиясы халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттейтін жетекші мамандарды жинады.

 

Конференцияның он бір секциясының отырысында Ішкі Азия мен Қытай тарихы мен мәдениетінің жетекші халықаралық сарапшылары деректану саласындағы өзекті мәселелерге арналған баяндамалар жасалды. Олар маньчжурлық Цин әулетінің Жоңғария мен Қашғарияны жаулап алуына дейінгі кезеңнен бастап Қытай Халық Республикасындағы «мәдени революцияға» (1966–1976 жж.) дейінгі уақыт аралығындағы мәдени және әлеуметтік-экономикалық өзара ықпалдастық мәселелерінің кең ауқымын қарастырды.

 

Конференция жұмысына Германия, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Қазақстан, Түркия, Венгрия, Швеция және Австралия елдерінен келген жетекші шығыстанушылар қатысты. Конференция Берлин мемлекеттік кітапханасының Азия департаментімен бірге Бохумдағы Рур университеті  және Германия зерттеушілер қоғамымен бірлесіп ұйымдастырылды.

 

Профессор А.К. Камаловтың осындай жоғары деңгейдегі конференцияда негізгі баяндамашы ретінде шақырылуы – оның ғылыми еңбектерінің халықаралық академиялық қауымдастық тарапынан мойындалуының айқын көрінісі болып табылады.

Online қабылдау