Алшанов Р.А.
«Тұран» университетінің ректоры,
э.ғ.д., профессор
«Тұран» университетінің «Turan Film Academy» Жоғары мектебінің оқытушысы Жаннат Алшанованың фильмі Локарнода өткен кинофестивальде көрсетілді.
6-16 тамыз аралығында Швейцарияда 78-ші Locarno Film Festival өтті. Біздің еліміз үшін бұл фестивальдің басты оқиғаларының бірі Жаннаттың алғашқы толықметражды фильмі «Победителей видно на старте» киносының әлемдік премьерасы болды. Әлемдік прокатта фильм «Becoming» («Становление») атауымен көрсетілді. Бұл картина Жаннат Алшанованың алғашқы толықметражды фильмі ретінде Concorso Cineasti del Presente «Қазіргі режиссерлер» байқау бағдарламасында ұсынылды. Жаннаттың шақыруымен мен жұбайым Аэлитамен бірге Ыстамбұл арқылы Цюрихке ұшып бардық. Одан әрі пойызбен үш сағат ішінде әсем альпілік аңғар арқылы, інжу-маржандай тізілген әдемі швейцария көлдерінің бойымен өтіп, Локарно қаласына жеттік. Ол – итальян тілді Тичино кантонында орналасқан, халқы 16,4 мың адамды құрайтын, сонау 807 жылы негізі қаланған шағын да жайлы қала. 1946 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан бұл фестиваль бүгінде маңызы жағынан Еуропадағы Канн, Венеция және Берлин кинофестивальдерінен кейінгі төртінші орынды иеленеді. Әлемде мыңдаған кинофестивальдер өткізіледі. Ең беделді фестивальдер FIAPF (Кинопродюсерлер ассоциацияларының халықаралық федерациясы) аккредитациясына ие және бірқатар қатаң талаптарға сай болуы тиіс: халықаралық деңгейде өткізілуі, жыл сайын ұйымдастырылуы, конкурс бағдарламасына ұсынылған фильмдердің басқа фестивальдерде көрсетілмеуі, яғни әлемдік премьера болуы қажет.
Біз үшін тосын жаңалық болғаны – әйгілі «Оскар» байқауы фестиваль болып саналмайды, дегенмен фильмдерді іріктеу және номинанттарға дауыс беру рәсімі FIAPF ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Мұндағы бастысы – киноөнер академиясының ең беделді марапаты – «Оскар» сыйлығын тапсыру. Ал әлемдегі ең алғашқы халықаралық кинофестиваль – 1932 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Венеция кинофестивалі.
Қазақстандық фильмдер Локарно кинофестиваліне 30 жылдан астам уақыт бойы қатысып келеді. Отандық фильмдер онда беделді марапаттарға ие болған. Соңғы жылдары қазақ киносы түрлі қиындықтарға қарамастан дамып, әлемдік деңгейде танылып келеді. Осы жолды Локарнода бірқатар отандық картиналар салды.
«Алтын қабылан» – фестивальдің бас жүлдесін 1993 жылы Ермек Шынарбаевтың «Место на серой треуголке» фильмі иеленді.
«Күміс қабылан»:
Фестивальдің көрсетілімдері қаладағы 10 кинотеатрда, сондай-ақ 8 мың көрерменге арналған Пьяцца Гранде ашық алаңындағы 26х14 метрлік экранда өтті. Жаннаттың фильмі көрсетілген барлық сеанстар аншлагпен өтті. Әлемдік премьера күні Pala Cinema негізгі залына арналған 450 билет түгелдей сатылып кетті. Фильмнен кейінгі талқылау қызу өтті. Көрермендер актерлер ойынын, әсіресе басты кейіпкер Мила рөлін сомдаған Тамирис Жангазинованың және оның серіктесі жас Медина Сағындықованың ойынын жоғары бағалады. Жергілікті көрермендер Тамиристі келесі күні көшеде танып, жылы пікірлерін білдірді.
Қызыл кілем, фотокамералар, сұхбаттар, Швейцария БАҚ-ындағы мақалалар – осының ортасында қазақстандық актриса еліміздің өнерін әлемдік сахнаға әдемі жеткізді. Бұл туралы актрисаның әпкесі Назым Жангазинова ерекше мақтанышпен жазды.
Киновед Жұлдыз Әлиева атап өткендей, «Локарно фестивалі батыл іріктеуімен және тәуелсіз, авторлық киноны қолдауымен танымал. Ол жаңа таланттарды ашып, жаңашыл шығармаларды кино қауымдастығына таныстыруда маңызды рөл атқарады. «Қазіргі режиссерлер» секциясында бүгінгі күннің өзекті, жасампаз киносы ұсынылады. Жаннат Алшанова – жас ұрпақтың өсуі мен өзін-өзі тану тақырыбына негізделген жаңа кино болмысының өкілі».
Шынында да, Жаннаттың фильмі 17 жасар Миланың күрделі өмір жолын бейнеледі. Әрбір эпизод жеке драмаға, триллерге немесе трагедияға айналуы мүмкін еді. Алайда режиссер басты кейіпкерді бұл қиындықтардан нәзік қадамдармен алып өтті. Фильм көрерменнің жүрегіне жетіп, алда сәтті прокат күтіп тұр деуге болады.
«Победителей видно на старте» фильмінің өндірісіне бес елдің студиялары атсалысты: француздық Films de Force Majeure, қазақстандық Accidental Films, голландиялық Volya Films, литвалық M-Films және шведтік Kjellson & Wik. Жобаға Сауд Арабия Корольдігі де қолдау көрсетті. Түсірілім 2024 жылы тамыз-қыркүйек айларында Алматы мен Алматы облысында өтті. Постпродакшн 2025 жылдың жазында Франция, Голландия және Швецияда аяқталды.
Басты рөлдерді Тамирис Жангазинова (Мила), литвалық актер Валентин Новопольски, Әсел Қалиева және Медина Сағындықова сомдады. Фильмнің продюсері – француз Жан Лоран Ксинидис. Қоюшы оператор – Лео Каракстың «Аннетт», «Әулие моторлар корпорациясы» фильмдерімен танымал Каролин Шампетье. Жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тарапынан қолдау тапты.
Өндіріс басталмай тұрып-ақ, жоба көптеген халықаралық кинонарықтар мен кинолабораторияларда ұсынылған болатын. Мәселен, «When East meets West» форумында Жаннат Алшанова бас жүлдені иеленіп, үздік әйел-режиссер атанды. Сондай-ақ European Women’s Audiovisual Network ұйымы тарапынан марапатталды. Жоба TIFF Lab (Торонто), ACE Producers Lab, сондай-ақ Cinemart (Нидерланды), Gotham Week (Нью-Йорк) және Red Sea Souk (Сауд Арабиясы) алаңдарында таныстырылды.
Жаннат Алшанова London Film School оқу орнын «Киноөндіріс» мамандығы бойынша магистр дәрежесімен тәмамдаған. Оның есімі Канн, Sundance, TIFF, Локарно сияқты фестивальдерде, сондай-ақ Barbican Centre, Tate Modern, Art Basel, The Asian Film Archive алаңдарында кеңінен танымал. 2020 жылы ол қысқаметражды «Цивилизация тарихы» фильмі үшін Locarno фестивалінде «Күміс қабылан» жүлдесін иеленді. 2021 жылы режиссер өзінің тәуелсіз Accidental Films кинокомпаниясын құрды.