«Тұран» университеті Медиа жəне мəдениетаралық коммуникация жоғары мектебінің Журналистика мамандығы 2 курс студенттерінің және Қаршығаева Айнұр Аралбекқызының ұйымдастыруымен «Абайдың даналығы – халықтың үні, журналистің тіні» атты əдеби-музыкалық іс-шара өткізілді.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – Абай мұрасының бүгінгі күнмен үндестігін ашу, оның өнері мен публицистикалық еңбектеріндегі ұлттық ойдың, рухани жаңғырудың мəнін терең тану болды.
Кешке арнайы қонақтар шақырылды. Құрметті қонақтар қатарына белгілі абайтанушы – Нұр Мағазбек, журналист, əрі ақын – Есей Жеңісұлы, сондай-ақ жазушы, документалист, журналист жəне танымал тележүргізуші – Қанат Тілеухан шақырылды. Студенттер тарапынан келген қонақтарға түрлі сұрақтар қойылып, қызу пікірталас өтті.
Кештің шығармашылық бөлігі ерекше əсерлі өтті. Бірінші курс студенттерін дайындаған «ТЕАРТ» студенттік ұйымының жетекшісі – Рақымбай Бегзаттың ұйымдастыруымен «Желсіз түнде жарық ай» əні хормен орындалып, тыңдаушыларды бір сəт Абайдың лирикалық əлеміне жетеледі. Абай мен Тоғжан арасындағы шынайы, шексіз махаббатты бейнелейтін музыкалық драма қойылымы сомдалды. Басты рөлді сомдаған 2 курс студенттері Роман Еркебұлан мен Оразәлі Аружан болды. Сонымен қатар, Ермакбай Азизбек Абайдың бірнеше өлеңдерін домбырамен орындап, қазақтың дəстүрлі өнері мен ақын мұрасының үйлесімділігін көрсетті. Кеш барысында Абайдың өмірі мен шығармашылығынан алынған бейнероликтер тамашаланып, арнайы викториналық сұрақтар арқылы студенттер өз білімдерін сынады. Бұл бөлім Абайдың шығармашылығын жан-жақты тануға мүмкіндік берді.
Кеш соңында келген қонақтар мен белсене қатысқан студенттерге арнайы Алғыс хат пен Абайдың қара сөздер жинағы сыйлыққа табысталды.