2025 жылдың 7-14 қарашасы аралығында AP26198511 «Орталық Азия өңірінің креативті индустрияларының интеграциялық әлеуеті: бағалау әдістемесін әзірлеу және іске асыру тетіктері» жобасының зерттеушілер тобы Өзбекстан Республикасының Ташкент және Бухара қалаларына жұмыс сапарын жүзеге асырды. Іссапардың негізгі мақсаты – Өзбекстандағы креативті индустриялар инфрақұрылымын зерделеу, бастапқы ақпарат жинау, ғылыми әріптестік орнату және әрі қарайғы зерттеулерге қажетті база қалыптастыру болды.
Іссапар барысында топ креативті экономиканың дамуына ықпал ететін маңызды мәдени және білім беру ұйымдарын, шығармашылық кеңістіктер мен креативті алаңдарды аралады. Бухарада зерттеушілер қазіргі заманғы өнердің Бухара биенналесінің экспозицияларымен танысып, өңірдегі өзекті көркемдік үрдістер мен халықаралық коллаборациялар туралы ақпарат жинады.
Ташкентте Ташкент халықаралық KIMYO (KIUT) университетінде жұмыс кездесулері өтіп, қатысушылар өнер мен дизайн бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын зерделеп, университет басшылығы және профессор-оқытушылар құрамымен ықтимал ынтымақтастық форматтарын талқылады. Human House галереясына жасалған сапар шығармашылық кәсіпкерлік пен тәуелсіз арт-кеңістіктердің жұмыс ерекшеліктерін жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, топ Вестминстердің Ташкенттегі халықаралық университеті мен Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының өкілдерімен кездесіп, білім беру жобаларын, мамандар даярлау тәжірибесін және бірлескен зерттеу перспективаларын талқылады. Өзбекстан Мәдениет және өнерді дамыту қоры ұсынған ақпарат мемлекеттік мәдени саясат, халықаралық бастамалар және креативті экономиканы қолдау шаралары туралы түсінік қалыптастырды.
Одан бөлек, зерттеушілер MOC Hub продюсерлік орталығының, «Өзбекфильм» киностудиясының, East Games GameDev студиясының және C-Space креативті хабының қызметімен танысты – бұл нысандар Өзбекстандағы заманауи креативті экожүйенің жетекші платформалары болып табылады. Жиналған мәліметтер медиа және ойын индустриясының құрылымын, арт-нарықтың ерекшеліктерін, сондай-ақ хабтар, коворкингтер мен акселерациялық бағдарламалардың жұмыс қағидатын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Жинақталған аналитикалық материалдар мен орнатылған байланыстар жобаның келесі кезеңдерінде – сауалнамалар мен тереңдетілген сұхбаттар жүргізуде, жергілікті креативті экожүйелерді талдауда және Орталық Азияның интеграциялық әлеуетін бағалау әдістемесін әзірлеуде негізгі база болады.