«Тұран» университетінің «Туризм» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Анвар Ақылбеков 26–29 қазан аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен роллер спортынан ірі халықаралық жарыстарға қатысты.
Жарысқа әлемнің 10-нан астам елінен 300-ден астам спортшы жиналды.
Роллер спорты – қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі, ал Қазақстанда Алматы роликтер мектебінің командасы бірнеше жыл ішінде әлемдік роллер спортының элитасына еніп, халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарда Қазақстанды табысты танытып жүр.
Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының көшбасшысы Анвар Ақылбеков үш бірдей дисциплинада жүлделі орынға ие болды: слайд бойынша қола (спортшы роликтерде ең күрделі тоқтау элементін орындайтын дисциплина), слалом бойынша қола және биіктікке секіру дисциплинасы бойынша күміс.