2025 жылғы 8 желтоқсанда «Тұран» университетінде университет колледжінің білім алушылары үшін «Кәсіби маман атан: арман мамандыққа алғашқы қадамың» атты білім беру бағдарламаларының таныстырылымы форматында ашық есік күні өтті. Іс-шара аясында «Туризм», «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі», сондай-ақ «Туризм және қонақжайлылық инновациялық менеджмент» білім беру бағдарламалары таныстырылды.
Іс-шара барысында қатысушыларға Туризм және қонақжайлылық жоғары мектебінің директоры Шидерина Гаухар Нұрланқызы құттықтау сөз сөйлеп, оқыту мүмкіндіктері, білім беру бағдарламаларының артықшылықтары және туризм мен қонақжайлылық саласында кәсіби дамудың болашағы туралы баяндады.
Қабылдау комиссиясының өкілі колледжді аяқтағаннан кейін университетке түсу шарттары мен мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беріп, қабылдау үдерісі мен оқу мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Іс-шараға қатысушылар үшін «Тұран» университетінің «Туризм» және «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламаларының түлектерімен кездесу ерекше қызығушылық тудырды. Түлектер туризм индустриясындағы тәжірибелерімен бөлісіп, болашақ мамандарға қойылатын жұмыс берушілердің талаптары туралы айтып өтті.
Кездесу барысында Туризм және қонақжайлылық жоғары мектебінің магистранты, «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламасының түлегі Санауаров Темірлан сөз сөйлеп, оқытудағы практикалық бағыт, студенттердің кәсіби және жобалық қызметке белсенді тартылуы, сондай-ақ шетелде қоса алғанда, болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің кеңдігіне назар аударды.
Rustar Tourism туроператорының операциялық менеджері Кенжебекова Айсулу өз сөзінде компания қызметінің ерекшеліктері, жас мамандарға қойылатын нақты талаптар туралы айтып, қазіргі еңбек нарығының сұраныстарына сай даярланған білікті кадрларға туристік салада жоғары қажеттілік бар екенін атап өтті.
Іс-шара қатысушылардың білімдерін тексеруге мүмкіндік берген интерактивті викторинамен аяқталып, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Кездесудің модераторы Туризм және қонақжайлылық жоғары мектебінің сениор-лекторы Величко А.В. болды.