Халықаралық ғылыми-білім беру және ағартушылық «Болашақ ғалымдар» жобасы 2025 жылғы 12 желтоқсанда «Тұран» университетінде бастау алды, деп хабарлайды Медиа және мәдениетаралық коммуникация жоғары мектебінің қызметкерлері.
Ресейдің 16 ғалымы Қазақстанның дарынды жастарымен ғылыми-білім беру бағытында диалог орнатуда. Жобаның бастамашысы – А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік орыс тілі институты. Алғашқы маусым аясында жобаға 2 600 адам қамтылды. Алдағы уақытта жоба басқа елдердің мектеп оқушылары мен студенттерімен де жұмыс жүргізуді көздейді.
«Тұран» университетінде жоба аясында студенттер «Шрёдингер мысығы» ғылыми-көпшілік журналының негізін қалаушы әрі бас редакторы, журналист Григорий Тарасевичпен кездесті. Қыстың шуақты таңында ол Қонақжай залда көк түсті худи киіп, қолында сары қағаз стақандағы кофе ұстап, студенттермен «Роботтар дәуіріндегі журналистика» тақырыбында пікірталас жүргізді.
«Бізді, ақуыздан жаратылғандарды, кремнийден жасалғандардан не ерекшелейді?» – деп ол сөзін күтпеген жерден бөліп жіберді.
Біреулер қателіктер деп жауап берді. Тағы біреулер оның тәжірибе екенін айтты.
«Қазір ыстық кофе құйылған стақанды ұстап тұрған менің сол қолым нені сезіп тұр?» – деп ғалым сұрауын қояр емес.
Нәтижесінде пікірталас барысында бір шындық айқындалды: нейрожеліге ұтылып қалмау үшін журналист өз тәжірибесін өмірден өткізіп, оны оқырманға жеткізе білуі керек.
Дәлел ретінде Григорий бірде-бір шеге қолданылмай салынған кемемен жасаған сапары туралы әңгімелеп берді. Онда қозғалтқыш болған жоқ. Тек ескек пен желкен ғана бар еді – XVI–XVII ғасырларда осындай карбастармен Сібір мен Арктиканы игерген поморлардікіндей.
«Ал нейрожелімен салыстырғандағы менің жалғыз артықшылығым, – деп журналист бұйра шашын тағы бір сермеп қойды, – менің сол қайықта болғаным! Толқын тербеткен сәттерді бастан өткергенім! Қарсы соққан желдің салдарынан тәулік бойы жағаға жақындай алмаған кездеріміздің болғаны! Ескек есе-есе қолымның қан-жоса болғаны – мұның бәрі менің физикалық тәжірибем! Мұны тек мен, ақуыздан жаратылған журналист қана жеткізе аламын. Ал нейрожелі мұны ешқашан сезініп көрмейді».
Болашақтың репортаждарда екенін түсінген тыңдарман қауым өз спикеріне алғысын білдіріп, әрқайсысы өзіне ғана тән ерекше тәжірибесін бастан кешіруге асықты. Сабақтан кейін бұл тәжірибе көпшілік үшін университеттің жайлы асханасына барып, дәмді борщтан, голубцыдан немесе қолмен жасалған мантылардан ауыз тиюмен шектелді.
«Болашақ ғалымдар» – жастар мен жетекші ғылыми сарапшыларды білім алмасу, ғылыми жетістіктерге шабыттандыру және ғылыми-зерттеу мәдениетін дамыту мақсатында біріктіретін халықаралық платформа. Жоба түрлі елдерді қамтиды, іс-шаралардың сан алуан форматтарын ұсынады және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Оны РФ Ғылым және жоғары білім министрлігі, РФ Сыртқы істер министрлігі, Росcотрудничество және Наука.рф порталы қолдайды.