2026 жылғы 9 қаңтарда бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментін басқарған «Тұран» университетінің түлегі Айдын Қабдулдинов Алматы қаласы Полиция департаментінің жаңа басшысы болып тағайындалды.
ㅤ
Айдын Тоқтарұлы Қабдулдинов 1998 жылы ҚР ІІМ Алматы заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы «Тұран» университетінде «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бейінді магистратураны тәмамдады.
ㅤ
Айдын Қабдулдинов – полиция генерал-майоры. Ішкі істер органдарындағы қызметін Өскемен қалалық ІІБ тергеушісі лауазымынан бастаған. 2000 жылдан бастап Алматы қаласының ішкі істер бөлімшелерінде жұмысын жалғастырды. 2004 жылдан бастап Алматы қалалық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасында (ӨҚБ) қызмет етіп, әр жылдары тергеуші, жедел уәкіл және бөлім бастығы лауазымдарын атқарды.
ㅤ
2012 жылдан бастап Алматы қалалық ІІД ӨҚБ бастығының орынбасары, ал 2017 жылдан бастап осы бөлімшенің бастығы болды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасын басқарды. 2020 жылғы 23 сәуірде Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары болып тағайындалды. 2022 жылдың қаңтар айының соңынан бастап бүгінгі күнге дейін СҚО ПД басқарды.
ㅤ
«Тұран» университеті өз түлектерінің жетістіктерін мақтан тұтады және Айдын Тоқтарұлына қызметте табыс тілейді!