2026 жылғы 14 ақпанда «Тұран» университетінде «Bridging Academia and Industry: Turning Research into Real-World Solutions» тақырыбында онлайн форматта қонақ дәрісі өтті.
Дәрісті Әзірбайжанның Баку қаласындағы ADA университетінің ассистент-профессоры және MegaSec компаниясының Жасанды интеллект зертханасының жетекшісі Самир Рустамов өткізді.
Доктор Рустамов – жасанды интеллект саласындағы танымал зерттеуші. Ол компьютерлік ғылымдар бойынша PhD дәрежесін Кибернетика институтында қорғап, кейін АҚШ-тағы Georgia Institute of Technology университетінде постдокторант ретінде ғылыми қызметін жалғастырды. Оның ғылыми және кәсіби қызметі іргелі зерттеулер мен олардың өндірістік ауқымда іске асырылуын ұштастырады.
Ғалымның зерттеу бағыттарына табиғи тілдерді өңдеу, сөйлеу технологиялары, ірі тілдік модельдер және ресурсы шектеулі тілдерге арналған AI жүйелері кіреді. Доктор Рустамов мемлекеттік құрылымдармен және индустриялық серіктестермен бірлесіп, ұлттық деңгейдегі бірқатар жасанды интеллект жобаларын басқарған. Атап айтқанда, интеллектуалды сөйлеуді тану жүйелері, бейнеаналитика платформалары және салалық бағытталған ірі тілдік модельдерді әзірлеу жобалары жүзеге асырылған.
Сонымен қатар, ол жасанды интеллект стратегиясын қалыптастыруға, цифрлық трансформация үдерістеріне белсенді қатысып, Әзірбайжандағы дамып келе жатқан AI экожүйесінде жас зерттеушілерге тәлімгерлік етеді.
Іс-шараға «Тұран» университетінің оқытушылары, сондай-ақ басқа жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы қатысты. «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының студенттері дәріске белсенді қатысып, қолданбалы жасанды интеллект бағытындағы зерттеулерге жоғары қызығушылық танытты.
Дәрістің модераторлары Бельгинова Сауле Аскербековна және Назерке Білімжанқызы болды. Олар талқылауды үйлестіріп, сұрақ-жауап бөлімін жүргізді.
Дәріс барысында академиялық зерттеулерді нақты технологиялық шешімдерге айналдырудың практикалық механизмдері, университет пен индустрия арасындағы серіктестік модельдері, сондай-ақ инновацияға негізделген экономика жағдайындағы жоғары оқу орындарының жаңа рөлі талқыланды.
Кездесу мазмұнды пікірталаспен аяқталды. Қатысушылар зерттеулерді коммерцияландыру, ғылыми жобалардың қоғамға әсері және жасанды интеллект саласындағы кәсіби даму перспективалары жөнінде сұрақтар қойды.
«Тұран» университеті халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтып, білім, ғылым және индустриялық тәжірибені байланыстыратын алаңдар құруды жалғастыруда.