2026 жылғы 24 қаңтарда «Тұран» университеті Аймақтық зерттеулер орталығының директоры, профессор Камалов А.К. Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласындағы Шығыстану университеті жанындағы Диссертациялық кеңестің жұмысына тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін ұсынылған «Түрік қағанатын басқарудың әлеуметтік-экономикалық негіздері» тақырыбындағы диссертация бойынша ресми оппонент ретінде қатысты. Аталған диссертация «Жалпы тарих» мамандығы бойынша қорғалды.
Докторлық диссертацияны Бухара университетінің базасында белгілі тарихшы-шығыстанушы Ш.М. Вохидовтың ғылыми жетекшілігімен Дж.Ю. Эргашев орындады. Диссертанттың басқа ресми оппоненттері ретінде профессор Каримова Н.Э. (Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Әбу Райхан Беруни атындағы Шығыстану институты) және профессор Ашик Алпаслан (Қырғыз-түрік «Манас» университеті, Қырғызстан) сөз сөйледі.
Диссертация оппоненттер тарапынан оң бағаланып, зерттеудің өзектілігі ерекше атап өтілді. Олар еңбекте ерте түркі мемлекеттерінің тарихы дала өркениеті тұжырымдамасы тұрғысынан қарастырылғанын жоғары бағалады.
Профессор А.К. Камаловтың Шығыстану университетінде өткен ғылыми іс-шараға қатысуы Аймақтық зерттеулер орталығының Өзбекстан мен Тәжікстандағы ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастығын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашты. Тараптар бірлескен ғылыми іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге келді.