2026 жылғы 18 ақпанда «Тұран» университетінде Компьютерлік инженерия жоғары мектебінің, Ақпараттық технологиялар жоғары мектебінің және Телекоммуникация жоғары мектебінің бірлескен отырысы өтті. Отырыстың негізгі тақырыбы жаңа кәсіби стандарттар және оларды жоғары мектептердің білім беру бағдарламаларын түзету барысында ескеру мәселелері болды.
Аталған мәселе «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» даярлау бағыттары бойынша Оқу-әдістемелік бірлестіктің хатына сәйкес қаралды. Хатта бірқатар жаңа кәсіби стандарттардың бекітілгені және 2026 жылғы ақпан айында білім беру бағдарламаларына мониторинг жүргізілетіні туралы хабарланған.
Отырыс барысында «Бағдарламалық қамтамасыз ету архитектурасы», «Бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілеу», «Деректер базасын әкімшілендіру», «Операциялық жүйелерді әкімшілендіру», «Ақпараттық ресурстарды құру және басқару» және басқа да кәсіби стандарттар қарастырылды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының цифрлық трансформациясы аясында жасанды интеллект және Game Development бағыттарын дамыту жөніндегі ұсынымдарға ерекше назар аударылды.
Білім беру бағдарламаларының жетекшілері қолданыстағы оқу жоспарларына талдау жасап, жасанды интеллект компоненті «Бағдарламалық инженерия», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер», «Зияткерлік робототехника» және «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» бағдарламаларына жүйелі түрде енгізілгенін атап өтті. Оқу жоспарларына машиналық оқыту, деректерді талдау, зияткерлік жүйелер, техникалық көру және IoT-технологиялар бойынша пәндер енгізілген.
Game Development бағытын талқылау да ерекше қызығушылық тудырды. Университетте Компьютерлік инженерия жоғары мектебі жанынан GameDev-клуб жұмыс істейді. Бұл клуб студенттерге ойындар мен цифрлық өнімдерді әзірлеу саласында тәжірибеге бағытталған дайындық алуға мүмкіндік береді. Қатысушылар жобаларды идеядан бастап ойын механикаларын жобалау, бағдарламалау, тестілеу және дайын өнімді таныстыруға дейінгі толық цикл бойынша жүзеге асырады. Сонымен қатар, университеттің бизнес-инкубаторы арқылы жобаларды коммерцияландыру мүмкіндігі студенттердің кәсіпкерлік құзыреттерін дамытуға ықпал етеді.
Отырыс қорытындысы бойынша Game Development бағытын элективті модульдер немесе мамандандырулар форматында дамыту мүмкіндігін стратегиялық тұрғыда талдау, сондай-ақ жаңа кәсіби стандарттар, ОРК 6 деңгейінің талаптары және алдағы мониторингті ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту туралы шешім қабылданды.
Жоғары мектептердің бірлескен жұмысы «Тұран» университетінің заманауи IT бағыттарын дамытуға және білім беру бағдарламаларын еңбек нарығы мен цифрлық экономиканың өзекті талаптарына сәйкестендіруге жүйелі түрде қарайтынын көрсетеді.