12 маусымда Тұран университетінде «Тіл – достықтың алтын көпірі» білім беру акциясы аясында онлайн-диктант қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті

«Тұран» университетінде мемлекеттік тілдегі онлайн диктант қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті.

 

12 маусымда Тұран университетінде «Тіл – достықтың алтын көпірі» білім беру акциясы аясында онлайн-диктант қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті.  Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қоғамдық білім беру жобасы.  Жобаның басты мақсаты – барлық азаматтардың назарын қазақ тілін үйренуге аудару, сауаттылық деңгейін көтеру, кәсіби салада және күнделікті өмірде сауатты сөйлеудің маңыздылығын насихаттау.

 

Акцияға 500-ден астам адам қатысты.  Диктант қорытындысы бойынша 13 “үздік” қатысушы анықталып, мақтау қағазымен марапатталды.  Сонымен қатар жеңімпаздарға сыйға КИнЭС Қазақстан рекордтар кітабы, ҚР Ұлттық кітапханасының VIP-билеттері мен Алматы облысының 24 мұражайына тегін баруға мүмкіндік беретін М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының арнайы сыйлығы – «Алтын абонемент» тарту етілді.

 

 Жұмыстары “жақсы” деп танылған қатысушылардың барлығы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғылыми кітапханасының абонементіне ие болды.

 

Қалған қатысушыларға сертификаттар, «Тұран» университетінің фирмалық жейделері және акцияның серіктестерінен сыйлықтар табысталды. Оның ішінде: кітаптар (ҚР Ұлттық кітапханасынан, Жазушылар одағынан, Ж.Жабаев атындағы Қалалық жасөспірімдер кітапханасынан сөздіктер, көркем және ғылыми еңбектер), Қалалық кардиология орталығы маманының бір жыл мерзімдегі ақысыз скринингі мен кеңесі.

 

Шын жүректен диктанттың қатысушыларына, ұйымдастыру комитеті мен іс-шара серіктестеріне алғысымызды білдіреміз!

 

«Тіл – достықтың алтын көпірі» білім беру акциясы жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналмақ. Университет келесі диктантты 2022 жылдың көктемінде өткізуді жоспарлауда.  Барлықтарыңызды қатысуға шақырамыз

 

Online қабылдау