Тұрандот – бұл ежелгі Тұран жеріндегі тек парасаттылығымен ғана емес, сонымен қатар аталмыш бейнені өте тартымды ететін көптеген басқа белгі-қасиеттерімен: кез-келген уақытта өз жерін қорғауға дайын батыл және күшті жауынгер болудан бастап, жүзі айдай, сабырлы және қамқор әйел, ана, ошақ ұйытқысы да бола білуімен ерекшеленетін әйелдердің ұжымдық бейнесі.
Тарих еуропалық және өзге де зерттеушілердің осы бейнелер мен атмосферасының өзінен ғана емес, Шығыс мәдениетінен де шабыт алғандығын көптеген мысалдар арқылы көрсетеді. Сонымен, Тұрандохт (Тұрандот) есімі 1710 жылдан бастап 1712 жылға дейін бес том болып шыққан «Мың бір күн» жинағында сөз болған. Оның авторы – француз шығыстанушысы Франсуа Пети де ла Круа. Ол осы басылымның кіріспесінде парсы қолжазбасының түпнұсқасын оған 1675 жылы исфахандық дәруіш Моклестің (Moclès, немесе Мохлис Муклис) жеткізгендігін жазған.
Осылайша, Франсуа Пети де ла Круа Шығыс аңыз-әпсәналары негізінде жазылған шығармасында әртүрлі деректерден алынған сюжеттерді бейімдеген. Бұл белгілі бір түпнұсқа мәтіннің тікелей аудармасы емес. Мысалы, осы мәтіндердің арасында Низами Ганджеви (1141-1209) бүркеншік атымен танымал әзірбайжан ақыны Әбу Мұхаммед Ілияс ибн Юсуфтың «Жеті сұлу» поэмасы да болды.
Итальяндық драматург Карло Гоццидің нұсқасы оның 1762 жылы жасаған пьесасы. Онда Тұрандот ханшайым сұлулықтың, нәзіктік пен қайсарлықтың символы ретінде көрінеді. Өзіне ұсыныс жасаған үміткерлерге оның қойған қатаң шарты – үш күрделі жұмбақты шешу. Бұл оның менмендігі немесе тәкаппарлығынан емес, оны ақылы, тектілігі және жанының жомарттығымен баурап алатын ер азаматпен одақтасуға деген ұмтылысымен байланысты.
Осылайша Тұрандот туралы аңыз әртүрлі дәуірлердегі бірқатар оқиғалардың, Тұран сұлулары туралы Шығыс аңыздарының шығармашылық интерпретациясына айналды.
Сонымен, ол кім екен?
Біз шындыққа тарихты, бастапқы дереккөздерді, дәстүрлер мен аңыздарды зерттеп, фактілерді көркем әдебиеттен бөле отырып, қиын жолмен жетеміз.
Заманауи оқылымда Тұрандот бейнесі біздің университеттің миссиясына сәйкес келетін мағыналардың жаңа парадигмасын белгілейді: «Қоғам игілігі үшін мәдениет, білім және ғылым».
ТҰРАНdot біз үшін бүгінгі күні жаһандық тарих пен кеңістіктің бір бөлігі: ол цифрлық әлемдегі мәдениеттер, ғылым, шығармашылық индустриялар мен коммуникациялардың қиылысу нүктесі.
Мәдениет. Біз білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының мәдени және академиялық сәйкестікте қалыптасуын тарихи контекстке тереңірек ену идеясын жүзеге асыруда, мұра мен мәдени кодты мұқият зерделеуде, қазіргі шақта бастауларын ұғыну және олардың болашаққа әсерін түсінуі арқылы үнемі даму қажеттілігінен көреміз. Өйткені, тарих әрқашан спираль түрінде дамиды. Мұны саналылықтың, толыққандықтың, жан-жақтылық пен өзін-өзі жетілдірудің символы ретіндегі жаңа «Тұрандот» брендімен байланыстырамыз.
Білім және ғылым. Тұрандот – бұл интеллект пен білім күшінің іс-әрекеттегі көрінісі. Оның жұмбақтары даналықты және контекст шеңберіндегі жағдайды түсінуді, шешім қабылдау тәсілдеріндегі икемділік пен бірегейлікті талап етеді. Бұл университетте оқитындардың қарсы тұратын қиындықтарымен және олардың академиялық жетістіктерімен байланысты. Белгісіздік пен үздіксіз өзгергіштік дәуірі қолда бар білімді үнемі жаңартып отыруға, пәнаралық тәсілдер мен синергетикалық әсерлерді қолдануға итермелейді.
Студенттік өмір. Жастар, Тұрандотқа ұсыныс жасаған үміткерлер сияқты, көптеген сынақтардан өтіп, күрделі мәселелерді өз бетінше шешуге үйренеді. Олар тәжірибе жинап, нәтиже алып, мақсаттарына жету үшін қиын мәселелерді шешуде табандылық пен шеберлік көрсетулері қажет.
Жастық – бұл энергия, жаңаға ұмтылу, беймәлімді тану, өзін түсінуге және табуға талпыну. Соңында Тұрандоттың жұмбақтарын шешкен Ханзада Калаф өзінің арманына жету жолында кез-келген қиындықты жеңуге дайын жас жігітті бейнелейді.
Өйткені, шыңдар өзіне сенетін және табысқа ұмтылатындарға бағынады!
Аңыз бойынша, Тұрандот ханшайым – ерік бостандығының, даналық пен асқақ рухтың символы. Осы ұжымдық бейнеде ата-бабаларымыздың барлық күш-қуатының бейнеленгендігін түсіну бізге Тұрандот студенттердің нағыз жебеушісі болатындығына үміттенуге және сенуге мүмкіндік береді. Оның қолдауын сезініп, шабыт алу үшін келесі рәсімді орындауыңыз керек – табысқа жеткендегі бақытты сәтіңізді елестете отырып, аяғындағы кебісшесін бірнеше рет сипаңыз. Бірақ сіз мына құпияны білуіңіз керек – ханшайым күнделікті ынтамен жұмыс істейтіндерге үлкен ықыласпен көмектеседі. Егер сіз оқуға, өзіңізді дамытуға күш пен уақытты аямасаңыз және не қалайтыныңызды нақты білсеңіз, тағдырдың ең қиын емтихандары мен кезеңдерінде сәттілік әрқашан сізбен бірге болады!
Барлық сәтті өткен сынақтардан кейін Тұрандотқа игі ниеті мен көмегі үшін оның көзіне қарап, шын жүректен: «Рақмет!»,-деп алғыс айтуды ұмытпаңыз.
Құдіретті Тұранның ұрпақтары ретінде, Тұрандот арқылы бейнеленген ерекше мән-мағынаға толы осынау қарапайым іс-әрекеттер ізгі дәстүрге айналып, өз күшіне, бар жақсылыққа, туған жер мен ата-бабалардың қамқорлығына деген сенімнің рухани түрткісі болады деп үміттенеміз.
Біздің жүрегіміз Ұлы даланың мақтан тұтар қызының бұл мүсіні, әсем қала Алматының келбетіне одан әрі тартымдылық пен ерекшелік қосып, оның қайталанбас жаңа көрікті жеріне, ағартушылық пен жасампаздыққа ұмтылған жастардың бірлік мекеніне айналады деген үмітке толы.