«Тұран» университеті Өзбекстанның ұлттық инновациялық экожүйесін жаңғырту жобасына қатысуда

Орталық Азияның инновациялық экожүйесі мен қазақстандық академиялық қауымдастық үшін маңызды жаңалық: Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының бизнес-инкубаторлары мен акселераторлары қауымдастығы (KAUBIA), базалық ұйымы – «Тұран» университеті, Өзбекстанның ұлттық инновациялық экожүйесін жаңғырту жөніндегі (MUNIS) ірі халықаралық жобаға қатысу туралы келісімшартқа қол қойды.

 

Жоба Дүниежүзілік банктың және Өзбекстан Республикасының Үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Мақсаты — стартаптарды қолдау тетіктерін дамыту, технологиялық парктерді трансформациялау және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тиімділігін арттыру.

 

KAUBIA командасы Қазақстанның жетекші сарапшыларынан құралған және Оңтүстік Корея, Испания және Ресейден келген халықаралық консультанттар арасынан іріктеліп алынды.
Жобаны PhD докторы, қауымдастырылған профессор, «Тұран» университетінің Коммерцияландыру орталығының директоры Ерболат Оразбекұлы басқарады.

 

 

Жоба аясында команда:

 

  • 287 инновациялық кәсіпорынға (50–750 мың АҚШ доллары көлемінде грант алған) стратегиялық талдау жүргізеді;
  • 40 перспективалы стартапты келесі инвестициялық кезеңге дайындау үшін іріктейді;
  • Өзбекстанның жоғары оқу орындары, мемлекеттік құрылымдары, технопарктері мен бизнес-инкубаторларының өкілдерін Deep Tech технологияларын коммерцияландыру және тұрақты инновациялық экожүйелерді қалыптастыру әдістеріне оқытады.

 

«Біздің үшін бұл жай ғана жоба емес. Бұл – Қазақстанның инновациялық менеджмент пен Deep Tech-коммерцияландыру саласындағы тәжірибесін экспорттау және Орталық Азия елдері арасындағы технологиялық әріптестікті нығайту мүмкіндігі», — деді Ерболат Оразбекұлы.

 

Бүгінде KAUBIA қауымдастығы, базалық ұйымы — «Тұран» университеті, 25 белсенді мүшені біріктіреді: 20 университет, 3 венчурлық қор, 1 IT-хаб және 1 консалтингтік компания.

 

«Тұран» университеті ғылымды коммерцияландыру, технологиялық кәсіпкерлік және білім трансфері бағыттарын жүйелі түрде дамытып келеді. Университеттің Коммерцияландыру орталығы – Қазақстандағы ғылыми зерттеулер мен бизнесті және инвестицияларды байланыстыратын жетекші құрылымдардың бірі.

Online қабылдау