Think Global, Build Local: «Тұран» университетінде жастар форумы өтті
2026 жылғы 14 наурызда «Тұран» университетінің White Hall залында Think Global, Build Local атты жастар форумы өтті. Іс-шараны Kazakhstan Students International Cooperation (KSIC) ұйымы ұйымдастырды. Форумның негізгі мақсаты жастарды дамыту, нетворкинг мүмкіндіктерін кеңейту, халықаралық тәжірибеге қызығушылықты арттыру және шет тілдерін оқуды насихаттау болды.
Форумға «Тұран» университеті, SDU, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Narxoz университеті және ҚазХҚжӘТУ студенттері қатысты. Жалпы саны шамамен 50 қатысушы жиналды. Іс-шара барысында әртүрлі салаларда тәжірибесі бар спикерлер сөз сөйлеп, өз білімдері мен практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында Жасмин Ахмедова, Акбота Нысанбаева, Бакытгуль Салыхова, Chang Sungjin, Park Hyohyun және Абуталип Нурсауле болды. Олар өз баяндамаларында халықаралық тәжірибе, мансаптық даму, кәсіпкерлік, тіл үйрену және жаһандық ойлау тақырыптарын қозғап, жастарға пайдалы кеңестер берді.
Форум тек лекция форматында ғана өтпей, интерактивті элементтерді де қамтыды. Әр екі баяндамадан кейін қатысушылар үшін арнайы ойындар ұйымдастырылып, залда еркін әрі белсенді атмосфера қалыптасты. Сонымен қатар, әр баяндамадан кейін Q&A-сессиялар өткізіліп, оның барысында қатысушылар мен модераторлар сұрақтар қойды. Мұндай формат спикерлермен тікелей байланыс орнатуға және қызықтырған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында қатысушылар топтарға бөлініп, бизнес-идеяларды әзірлеу бойынша практикалық тапсырма орындады. Бұл кезеңде олар спикерлердің кеңестеріне сүйене отырып, өнімді нарыққа шығару, оны ілгерілету және әрі қарай дамыту стратегияларын ұсынды.
Форум ұйымдастырушылары KSIC ұйымының жетекшілері Орынбаев Акежан мен Кадырбек Аружан. Сонымен қатар іс-шараның сәтті өтуіне ұйым мүшелері Игасан Томирис, Калкаман Салтанат, Нургазина Алия және Серикхан Айгерим де елеулі үлес қосты.
«Think Global, Build Local» форумы жастар үшін жаңа идеялар мен мүмкіндіктер алаңына айналып, қатысушыларға халықаралық тәжірибе, жаңа таныстықтар және болашаққа мотивация сыйлады. Іс-шара жаһандық ойлаудың және жергілікті деңгейде әрекет етудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.