Р.А. Алшановтың Түркиядағы «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» кітабының тұсаукесері

11-12 маусым күндері Стамбұлда Яшар Кемал мәдени орталығында Мальтепе муниципалитетінің қолдауымен «Әлемге мәдениет әкелген прототүркілер» атты конференция өтті. Түркі халықтары Кеңесінің (Türk Halkları Konseyi), Прототүркілер академиясының (Ön Türkler Akademisi), Йедитепе университетінің (Yeditepe University), сондай-ақ Малтепе муниципалитетінің (Maltepe Belediyesi) қолдауымен ұйымдастырылған конференцияға Түркия, Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Германия, Якутияның көптеген елдерінің түркілердің шығу тегін зерттеумен айналысатын ғалымдары қатысты.

 

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Малтепе мэрі Али Кылыч мұндай шаралардың өскелең ұрпаққа үндеу болатынын баса айтты: «Түрлі форумдар ұйымдастыру арқылы біз алдымызға жастар мен тарихымыз арасында көпір салу міндетін қоямыз. Біз өз тарихымызды түсінгенде ғана болашағымызды құра аламыз. Бұл географияда түркілердің не нәрсеге қабілетті екенін көруге мүмкіндік бар. Біз аса қымбатты ғалымдарымыздан көп нәрсені үйренетін боламыз».

 

Конференцияның бірінші күні «Тұран» университетінің ректоры, профессор Рахман Алшанов Atayurt баспасынан түрік тілінде жарық көрген «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» кітабының тұсаукесерін жасады. Р.А. Алшановтың айтуынша, экологиялық мәселелер көбінесе ғарыштық факторлармен байланысты болады. Олар қазіргі кезеңде де жоққа шығарылмайды. Соңғы онжылдықтарда ғарышты игеру ауқымы бірнеше есе артты, жердегілер үшін ықтимал қауіп төндіретін астероидтардың бағыттары бақылануда. Ғылым метеороидтардың, астероид ағындарының, олардың жекелеген массивті бөліктерінің, шаң ағындарының Жермен апатты соқтығыстардың әртүрлі әсері туралы көптеген фактілерді анықтайды. Ал түрлі оқиғалардың жалпы бейнесі тұтастай қалыптаса бастағанда, алыстағы ата-баба қиялындай көрінген дүние жүзіндегі халықтардың мифтері, аңыздары апаттардың фотографиялық көрінісі болып шығады. Бұл оқиғалардың мүмкін емес болып көрінуі көбінесе оларды дұрыс түсінбеуге әкелді. Еркін түсіндірулер қабылдаудың бұрмалануына, жалған интерпретацияға ықпал етеді. Аңыздарды, мифтерді, халықтардың эпикалық ертегілерін соңғы зерттеулермен тексеру апаттар теориясы мен тарихындағы маңызды кезең болды.

 

Өз сөзінде Р.А. Алшанов Авестадағы түркі іздері туралы айтып, «Тұран тарихын өте мұқият зерделеу керек. Осыған байланысты табиғи апаттармен күресу және олардың тарихымызбен байланысы маңызды. Түркілер әрқашан жауынгер ретінде бейнеленген, бірақ біздің өркениетіміз өте кең және біз Авестаға ғылыми тұрғыдан қарауымыз керек».

 

Р.А. Алшановтың бастамасымен Түркі халықтары кеңесінің төрағасы Махмұт Оралмен бірге Түркияда Тұран академиясы мен зерттеу орталығын құруға қадамдар жасалды. Тұран академиясын құрудағы мақсат – түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы жалпы түсінік қалыптастыру.

 

Түркі халықтары кеңесінің төрағасы Махмұт Орал қатысушыларға алғысын білдіріп: «Әлемнің түкпір-түкпірінен келген құрметті ғалымдар, сіздер біздің үндеуімізге үн қаттыңыздар. Әрқайсыларыңыздың үлестеріңіз бен еңбектеріңіз үшін рахмет. Осындай семинарлар жалғасын тапса екен деймін. Осы семинардың қорытынды мәлімдемесі және құнды презентацияларыңыз ақапарат көзі болып, кітап болып жарияланады. Ұлы Ататүрік айтқандай, ортақ тарихты зерттеп, жасау түркілердің бірлігімен татулыққа жетелейді. Осы мың жылдық махаббатты құру мақсатында ұйымдастырылған бұл семинар ақыл мен ғылыммен аяқталады».

Online қабылдау