Орталық Еуразияны зерттеу қоғамдастығы 2024 ж. 6-9 маусым аралығында «Тұран» университетінің базасында өзінің жыл сайынғы халықаралық конференциясын өткізетінін жариялады. Орталық Еуразияны зерттеу қоғамының басқармасы университет ректоры, профессор Алшанов Рахман Алшанұлына жолдаған ресми үндеуінде Тұран университетінің конференцияны өткізу туралы өтінішін қолдайтынын хабарлады.
Орталық Еуразияны зерттеу қоғамы Орталық Азия, Кавказ, Иран, Ауғанстан, Тибет, Ішкі Азия, Еділ бойы, Шығыс және Орталық Еуропа және т.б. аумақтарды қамтитын Еуразияның кең аймағын зерттейтін ғалымдар мен мамандарды біріктіреді. 1999 жылы құрылған ұйым Солтүстік Америкадағы университеттердің бірінде жыл сайын конференциялар өткізіп тұрады, оған әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар қатысады. Соңғы онжылдықта кәсіби ұйым жыл сайынғы конференциялармен қатар, аймақтағы университеттердің бірінде «аймақтық» конференциялар өткізіп келеді. Мұндай форумдар Астана (Назарбаев Университеті), Қазан (Қазан университеті), Бішкек (Орталық Азиядағы Америка университеті), Ташкент (Әлемдік экономика және дипломатия университеті) қалаларында өтті.
2022 жылы Орталық Еуразияны зерттеу қоғамы Солтүстік Америкада және Еуразия өңірі елдерінде кезектесіп әлемдік ауқымдағы жыл сайынғы конференциялар өткізуді ұйғарып, конференциялар өткізудің жаңа форматын қабылдады. Мұндай конференцияның алғашқы орны ретінде Алматыдағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі Тұран университеті таңдалды. Конференцияда 70-ке жуық сессиялық отырыстар ұйымдастыру және әлемнің түрлі елдерінен 300-ге жуық Орталық Еуразия зерттеушілерінің қатысуы жоспарлануда. Ғалымдар мен сарапшылардың талқылауына Еуразия елдері мен халықтарының тарихымен, мәдениетімен және қазіргі заманғы дамуымен байланысты көптеген мәселелер шығарылатын болады.
2022 жылдан бастап Орталық Еуразияны зерттеу қоғамының президенті «Тұран» университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Камалов Аблет Каюмович болып табылады. Конференцияға дайындық барысы «Тұран» университеті мен Орталық Еуразия қоғамының сайтында жарияланатын болады.