2026 жылғы 21 сәуірде «Тұран» университетінің Аймақтық зерттеулер орталығында «Қазақ жерлеу рәсімдерінің мысалында ритуалдардың трансформациясы» атты дәріс өтті. Дәрісті Прага қаласындағы Карлов университетінің (Чехия) Этнология, Орталық Еуропа және Балқан зерттеулері институтының қызметкері Гүлжан Досшанова оқыды.
Өзінің ғылыми зерттеулері нәтижелеріне сүйене отырып, Г. Досшанова қазақтың жерлеу рәсімдерін қарастырды. Бұл рәсімдер мәдениеттің ең консервативті элементтерінің бірі бола отырып, кеңестік кезеңде елеулі өзгерістерге ұшырағаны және қазіргі жаһандану жағдайында олардың трансформациясы жалғасып жатқаны атап өтілді.
Дәріс барысында рәсімдік мәдениетті зерттеудің теориялық тәсілдері мен әдіснамалық негіздері талқыланды. Сонымен қатар урбанизация мен геоэкономикалық өзгерістердің әсерінен қазіргі жерлеу рәсімдеріне жаңа элементтердің еніп жатқан ерекшеліктері көрсетілді.
Дәріс «Тұран» университетінің студенттері тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, олар қазақтың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары және жерлеу рәсімдерінің өзгеруі туралы пікірталасқа белсене қатысты.
Карлов университетінде мәдени антропология мәселелерімен айналысатын Г. Досшанова бұған дейін де Орталық Еуразия зерттеулері қоғамының (Central Eurasian Studies Society/CESS) конференцияларына қатысқан. Аталған конференциялар 2024 жылы «Тұран» университетінде және 2025 жылы Лиссабон университетінде (Португалия) өткізілген.