Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар

2025 жылдың 28-29 сәуірінде «Туран» университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар өтті.

 

2025 жылдың 28 сәуірінде Медиа және мәдениетаралық коммуникация жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Әскери журналистика. Қазақ журналистикасының алтын қаламы» атты дөңгелек үстел өтті. «Туран» университетінің ректоры Рахман Алшанов Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлерін, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет» ордендерінің иегерлерін, ардагерлер кеңесінің төрағаларын, қоғам қайраткерлерін, ғалымдарды, зерттеушілерді, оқытушылар мен студенттерді ерекше ілтипатпен қарсы алды. Өз сөзінде Р.А. Алшанов жаңа ашылған деректерге тоқталып, қазіргі геосаяси және экономикалық жағдаймен байланысты талқыланған мәселелердің өзектілігін атап өтті.

 

Іс-шара барысында студенттердің Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және отандастарымыздың ерлігіне арналған бейнематериалдары ұсынылды: «Отан үшін от кешкендер», «Тылдағы еңбек», «Майдандағы журналистика» және «Соғыс жылдарындағы газет-журналдар». Бұл жұмыстарды «Журналистика» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттері доцент Құрманбаева А.А.-ның жетекшілігімен дайындады.

 

Іс-шара соңында Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі ғалым және көрнекті мемлекет қайраткері Түймебай Әшімбаев туралы деректі фильм көрсетілді. Ол соғыс жылдарында ержүрек жауынгер ғана емес, майдандық журналист ретінде де танылып, «Отанды қорғауда» газетінің бас редакторы қызметін атқарған.

 

Фашизмге қарсы Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің еңбегі зор. Жеңістің 80 жылдығына орай, ата-бабаларымыздың ерлігін еске алып, олардың рухын ардақтаймыз. Батырлықтың үлгісі болып қалған сол ерліктер мәңгілік ел есінде сақталып, кітаптарда, естеліктерде, сол кезеңнің газеттерінің беттерінде көрініс тауып, келер ұрпаққа аманат болып қала береді.

 

2025 жылдың 29 сәуірінде университеттің акт залында Медиа және мәдениетаралық коммуникация жоғары мектебінің қолдауымен «Ер есімі  – Ел есінде» атты патриоттық кеш өтті.

 

Іс-шараның басты мақсаты — ел үшін жанын пида еткен батырларды еске алып, соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың тылдағы ерліктерін ұрпаққа жеткізу.

 

Кеш анасының ұлын майданға шығарып салған әсерлі сахналық қойылыммен басталды. LED-экранда ардагерлердің архивтік хроникалары мен фотосуреттері көрсетіліп, көрермендерге соғыс жылдарының атмосферасы ұсынылды.

 

Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің доценті Шәріп Абдрахманұлы өзінің әкесі — Ұлы Отан соғысында жас сарбаз болып шайқасқан Абдрахман Шәріпұлы жайлы естеліктерімен бөлісті. Ол көрсеткен ерлік пен батырлық үшін Қызыл Жұлдыз орденімен және І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Соғыстан кейін С.М. Киров атындағы ҚазМУ-ға түсіп, білім саласында еңбек етіп, тарих ғылымдарының кандидаты және философия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежелерін алған көрнекті ғалымға айналды. Абдрахман Шәріпұлы 2024 жылы 100 жыл толды.

 

Сондай-ақ кеште соғыс жылдарындағы майдандық журналистиканың және БАҚ-тың маңызы туралы бейнематериалдар көрсетілді. Студенттер патриоттық әндер мен өлеңдер орындады.

 

Бұл кеш — жауынгерлердің ерлігіне тағзым, бейбіт аспан үшін жас ұрпақтың алғысы болды.

Online қабылдау