Алматы, 2025 жылғы 28 қазан Компьютерлік инженерия жоғары мектебі, Телекоммуникациялар жоғары мектебі және Ақпараттық технологиялар жоғары мектебі бірлесе отырып «Цифрлық ғасырдың PROфессиялары» атты ашық есік күнін ұйымдастырды. Іс-шара арнайы «Туран» колледжінің студенттері үшін өткізілді.
Бұл шараның мақсаты – жастарды ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы заманауи және қарқынды дамып келе жатқан білім беру бағдарламаларымен, сондай-ақ кәсіби мүмкіндіктермен таныстыру, болашақ мамандардың кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу болды.
Жоғары мектеп директорлары Ж.А. Муканова, Б.О. Қуламбаев және С.Т. Мамбетов қатысушыларға ең сұранысқа ие IT мамандықтарын таныстырды. Негізгі назар Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, Бағдарламалық инженерия, Ақпараттық жүйелер, Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, сондай-ақ Зияткерлік робототехника сияқты білім беру бағдарламаларына аударылды. Сондай-ақ оқу үдерісінің тәжірибелік бағытына және оның индустриямен тығыз байланысына, атап айтқанда киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект салаларына ерекше көңіл бөлінді.
Университеттің қабылдау комиссиясының үйлестірушісі А.В. Цвиренко талапкерлерге арналған қабылдау тәртібі мен мүмкіндіктер туралы маңызды ақпаратпен бөлісті. Ол колледж түлектері үшін қабылдау ережелерін, білім гранттары конкурсына қатысу шарттарын, сондай-ақ «Туран» университеті ұсынатын ішкі қолдау және шәкіртақы бағдарламаларын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Қонақтар үшін жоғарғы курс студенттері өткізген Arduino микроконтроллерлерін бағдарламалау бойынша тәжірибелік шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Бұл сабақ барысында колледж студенттері электрониканың негізгі қағидаттарымен танысып, өздерінің алғашқы интерактивті құрылғыларын құрастыру мүмкіндігіне ие болды.
«Цифрлық ғасырдың PROфессиялары» ашық есік күні IT мамандықтарының стратегиялық маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, «Туран» білім беру корпорациясы аясындағы сабақтастықты және университеттің Қазақстанның цифрлық болашағы үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға дайын екенін айқындады.