«Тұран» университетінің базасында «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы ашылды

2026 жылғы 17 сәуірде «Тұран» университетінің базасында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен «ҰЛЫ ДАЛА: ТҰРАН ӨРКЕНИЕТІ» халықаралық зерттеу орталығының ресми ашылу рәсімі өтті.

 

Бұл орталық – халықаралық зерттеу хабын қалыптастыруға және бүкіл ел мен халықаралық академиялық кеңістікті қамтитын көпдеңгейлі «жұмсақ ғылыми инфрақұрылым» желісін құруға бағытталған бірегей жоба.

 

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А. Балаева өз құттықтауында бұл бастама отандық гуманитарлық ғылымның жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті. Орталық Ұлы даланың өркениеттік мұрасын зерттеуге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

 

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті А. Күрішбаев орталықтың үш деңгейлі моделін таныстырды. Сондай-ақ, «Turan Civilization Digital Atlas» платформасы арқылы жасанды интеллект пен GIS технологияларын гуманитарлық ғылымға енгізу жоспарларымен бөлісті.

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбек орталықтың құрылуын Орталық Еуразияның тарихи-мәдени мұрасын жаңаша пайымдауға бағытталған маңызды қадам деп бағалап, ғылым мен білімнің ықпалдасуына жаңа серпін беретінін айтты.

 

«Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанұлы өз сөзінде Тұран өркениетінің әлемдік тарихнамадағы орнын жаңаша зерделеп, оның мемлекеттілік тамыры тереңде жатқанын атап өтті. Ол зороастризм ілімінің Тұран даласында пайда болу себептерін ғарыштық апаттармен байланыстыра отырып, ғылыми тұрғыдан негіздеп берді. Көпжылдық ізденіс нәтижесінде жазылған «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы» еңбегі арқылы Тұран мұрасын жаһандық брендке айналдырудың маңыздылығын баса айтты. Бұл зерттеулер университет базасында ашылған халықаралық орталықтың ғылыми іргетасы болып табылады.

 

Шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия елдерінің дипломатиялық өкілдері, танымал академиктер мен сарапшылар қатысты. «Тұран» университетінің стратегиялық даму, ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, PhD докторы Д. Разакова «Великая степь как платформа странового бренда Казахстана», М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, академик К. Матыжанов «Ежелгі Тұран мен Ұлы даланың рухани сабақтастығы», Алматы қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі, филология ғылымдарының кандидаты М. Ахетов «Ұлы даладағы ауызша дәстүр», белгілі зерттеуші, жазушы, профессор Ж. Байжумин «Задачи современной тюркологии» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.

 

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Е. Омаров «Қазақ және Дала өркениеттері арасындағы байланыс» мәселесіне тоқталса, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Г. Қосымова «Қазақ жер-су атауларындағы көне түркілік таным» атты зерттеуін таныстырды.

 

Жиын соңы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған салтанатты концерттік бағдарламамен ұласты.

 

 

Салтанатты ашылу рәсімінде ұсынылған баяндамалардың толық мәтінін төмендегі сілтемелер арқылы жүктеп ала аласыздар:

 

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А. Балаеваның құттықтау сөзі Алшанов Рахман Алшанұлы, Тұран университетінің ректоры, профессор «Ұлы дала Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ашылуындағы сөз А. Күрішбаевтың құттықтау сөзі Қосымова Г. Топонимдер Омаров Еренгаип Қазақ және Дала өркениеттері
Online қабылдау