Сөз бен құқық арасындағы көпір: «Тұран» университетінде ғалым Балтабай Адамбаевты еске алу рәсімі өтті

2025 жылғы 29 қазанда «Тұран» университетінде «Сот шешендігі (риторика) және сот сөзі: Адамбаев Балтабай Абдрахманұлының мұрасы призмасымен қарастырылған қарапайым құқық пен қазіргі процессуалдық құқық арасындағы көпір» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның ұйымдастырушысы – «Тұран» университетінің Құқық жоғары мектебі. Модераторлар: «Тұран» университетінің Құқық жоғары мектебінің қауымдастырылған профессорлары, заң ғылымдарының кандидаттары Б.М. Жугралина мен И.Т. Мусабекова. Дөңгелек үстел көрнекті ғалым, әдебиеттанушы және ойшыл Балтабай Абдрахманұлы Адамбаевтың шығармашылық және ғылыми мұрасына арналды. Оның еңбектері отандық құқықтық ойдың дамуына, сот шешендігі мәдениетінің қалыптасуына зор үлес қосып, жаңа буын заңгерлері мен зерттеушілеріне рухани-құқықтық құндылықтарды терең түсінуге жол ашып келеді. Іс-шара құқық, филология, тарих және білім беру саласының өкілдерін біріктіріп, сөз мәдениеті, құқық және кәсіби этика мәселелеріне қызығушылық танытатын мамандарды бір алаңға жинады. Құттықтау сөздерін «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Р.А. Алшанов; ҚР Президенті Архиві жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Б.А. Жапаров; «Тұран» университетінің Құқық жоғары мектебінің директоры, PhD К.А. Джумабаева жеткізді. Іс-шараға Балтабай Абдрахманұлы Адамбаевтың туыстары қатысты. Олардың атынан С.Ж. Адамбаев пен А.Ж. Адамбаев құттықтау сөз сөйледі, сондай-ақ ғалымның немересі Н.А. Адамбаевтың бейнеқұттықтауы көрсетілді. Дөңгелек үстелде келесі баяндамашылар сөз сөйледі: Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Қ. Абдезұлы; ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар бөлімінің қызметкері Е. Біләл; Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.У. Тоқтабай; заң ғылымдарының докторы, профессор З.К. Аюпова; Заңгерлерді бағалау және сертификаттау бюросының жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты Ж.Г. Қалишева; MNU Қылмыстық сот төрелігі департаментінің ассистент-профессоры, заң ғылымдарының кандидаты А.Қ. Жұмағали; «Әділет-ар» заң кеңсесінің адвокаты, Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Ж.К. Шуренова; Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың шетел тілдері теориясы мен практикасы кафедрасының аға оқытушысы, PhD Г.Т. Күсепова; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты А.Қ. Таусоғарова; «Тұран» университетінің Медиа және мәдениетаралық коммуникация жоғары мектебінің қауымдастырылған профессорлары, филология ғылымдарының кандидаттары Г.Х. Төлекова және А.А. Қаршығаева және басқалар. Балтабай Абдрахманұлы Адамбаевтың бай ғылыми және рухани мұрасын сақтау және дамыту мақсатында қатысушылар келесі ұсыныстарды білдірді:

 

  1. «Тұран» университетінің Құқық жоғары мектебі жанынан Б.А. Адамбаев атындағы дебат клубын ашу. Бұл клуб студент-заңгерлердің аргументтелген пікірталас жүргізу мәдениетін, шығармашылық ойлауды, ораторлық және сот шешендігі дағдыларын дамыту алаңына айналар еді.
  2. Балтабай Адамбаевтың есімін Алматы қаласындағы бір көшеге беру мүмкіндігін қарастыру. Бұл – ғалымның отандық ғылымға, білімге және сот риторикасының дамуына қосқан зор үлесін қоғамдық деңгейде мойындаудың маңызды белгісі болар еді.
  3. ЖОО-ларда сот риторикасына арналған оқу пәндерін оқыту барысында Б.А. Адамбаевтың ғылыми және шығармашылық мұрасына арналған бір-екі тақырыптық сабақ енгізуді ұсыну, сондай-ақ филология факультеттерінде тиісті пәндер аясында осы мазмұнды қамту. Бұл студенттерге ғалым еңбектерімен, оның шешендікке қатысты ойларымен және сөздің құқықтық әрі рухани әсер құралы ретіндегі бірегей көзқарасымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді.
Online қабылдау