2025 жылғы 3 қарашада 608 аудиторияда «Ақпараттық жүйелер» және «Зияткерлік робототехника» білім беру бағдарламаларының 3 курс студенттеріне арналған “ISO 27000, 31000 ақпараттық қауіпсіздік стандарттарын қолдану” тақырыбында қонақ дәрісі өтті.
Дәріс қонағы – «Туран» университеті колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Никита Гелюш. Спикер халықаралық ISO 27000 және ISO 31000 стандарттары, олардың ақпараттық қауіпсіздік жүйелері мен тәуекелдерді басқару құрылымдарын қалыптастырудағы рөлі, сондай-ақ осы стандарттардың білім беру және корпоративтік ортада қолданылу мысалдары туралы толық ақпарат берді.
Дәрістен кейін студенттер халықаралық ақпараттық қауіпсіздік стандарттарының практикалық қолданылуына ерекше қызығушылық танытты. Олар ISO 27000 және ISO 31000 стандарттарының Қазақстан компанияларында енгізілу жолдары, сертификаттау кезеңдері және киберқауіпсіздік саласындағы мамандарға қойылатын талаптар туралы сұрақтар қойды. Сондай-ақ студенттерді жеке деректерді қорғау, білім беру мекемелерінде тәуекелдерді басқару және ІТ-бөлімдер мен ақпараттық қауіпсіздік қызметтері арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері қызықтырды. Кейбір студенттер халықаралық сертификаттар алу және ISO стандарттары бойынша аудит пен консалтинг саласында мансап құру мүмкіндіктеріне қызығушылық білдірді.
Дәрісті ұйымдастырушы – т.ғ.к. Ким Екатерина Романовна, «Тұран» университетінің Ақпараттық технологиялар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры.