2025 ж. 19 қарашада АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Джордж Вашингтон университетінде Орталық Еуразиялық Зерттеулер Қоғамының (Central Eurasian Studies Society/CESS) кезекті жыл сайынғы конференциясы өтті. Бұл кәсіби ұйымның мүшелері – Орталық Еуразия аймағының зерттеушілері мен сарапшылары – 2024 жылы Орталық Еуразия бойынша шыққан ең үздік кітаптардың авторларын марапаттау салтанатында бас қосты. Биылғы жылы ең үздік кітаптар сыйлығының Қазылар алқасын Орталық Еуразиялық Зерттеулер Қоғамының Президенті, «Тұран» университетінің профессоры Камалов Аблет Каюмович басқарды. Қазылар алқасының құрамына Огайо университетінің профессоры Скотт Левай (АҚШ), Карлтон колледжінің профессоры Адиб Халид (АҚШ) және КИМЭП университетінің профессоры Джордж Руекерт (Қазақстан) кірді.
2024 жылдың тарих және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ең үздік кітаптары ретінде Индиан университетінің профессоры Марианна Кэмптің «Коллективтендіру ұрпағы: Өзбекстандағы әлеуметтік революцияның ауызша тарихы» (Корнель университеті баспасы) және Владимир Хамед-Троянскийдің «Босқындар империясы: Солтүстік Кавказдың мұсылмандары Осман империясының соңғы кезеңінде» (Стэнфорд университеті баспасы) атты кітаптары танылды.
2024 жылғы Орталық Еуразиялық Зерттеулер Қоғамының жыл сайынғы конференциясы «Тұран» университетінде өтті және оған әлемнің түкпір-түкпірінен 450-ден астам ғалым қатысты.