“Тұран” университетінде Түркі әлемінің коммуникация және өнер бойынша V Халықаралық симпозиумы және Түркі әлемі деректі киноларының X фестивалі өтті

2025 жылғы 5-6 қарашада Тұран университетінде түркі мемлекеттерінің ғалымдары, зерттеушілері, индустрия өкілдері мен шығармашылық қауымдастықтарын біріктірген екі ірі халықаралық іс-шара өтті: Түркі әлемінің коммуникация және өнер бойынша V Халықаралық симпозиумы және Түркі әлемінің деректі киноларының X фестивалі. Іс-шаралардың ұйымдастырушысы Turan Film Academy жоғары мектебі, Халықаралық ынтымақтастық бөлімі мен Медиа және мәдениетаралық коммуникациялар ЖМ белсенді көмегімен бұл жиынның кәсіби және мәдени деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз етті.

 

Іс-шаралардың алғашқы күні “Тұран” университетінің акт залында өтті. Бағдарлама екі елдің мемлекеттік гимндерін орындаудан басталып, түркі әлемі арасындағы мәдениетаралық диалог пен бірлік рухын айқындай түсті.

 

 

Келесі құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйледі:

 

  • Алшанов Рахман Алшанұлы, “Тұран” университетінің ректоры, профессор, э.ғ.д.;
  • Мендерес Демир, Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті;
  • Айхан Коркмаз, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының білім жөніндегі атташесі.

 

Салтанатты рәсім аясында “Тұран” университеті мен Түркі әлемі журналистер федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бағдарлама фестивальдің құрметті қонақтары мен серіктестеріне естелік плакеткалар табыстаумен жалғасты.

 

Салтанатты бөлімнен кейін Түркі әлемі деректі киносының X фестивалі лауреаттарының фильмдері көрсетілді. Университет студенттері мен оқытушылары өңірдің мәдени, тарихи және әлеуметтік мәселелерін қамтитын үздік деректі картиналарды тамашалады.

 

Екінші күн толықтай ғылыми бағдарламаға, яғни пленарлық отырыстар мен зерттеушілердің баяндамаларына арналды. Симпозиум жұмысы университеттің екі алаңында қатар өтті: 207-аудиторияда және Civilization Turan конференц-залында.

 

Қатысушылар медиа, кино, коммуникация, аудиовизуалды мәдениет және түркі әлемінің занауи өнері бойынша баяндамалар оқыды. Ғылыми пікірталастар түскі үзілістен кейін жалғасып, іс-шара Түркі әлемі журналистер федерациясы тарапынан түркі әлемі мәдениетіне қосқан үлесі үшін Turan Film Academy ЖМ директоры Диас Азимжанов мырзаға және сыртқы байланыстар және докторантура жөніндегі проректор Гүлжанат Таяуова ханымға арнайы плакеткалар табыстаумен аяқталды.

 

Аталған іс-шаралардың маңыздылығын олардың Түркия мен Қазақстанның шамамен 30 бұқаралық ақпарат құралында кеңінен жариялануы да айқындай түсті.

 

Симпозиум мен фестивальдің өткізілуі “Тұран” университетінің түркі әлемі елдері арасындағы академиялық және мәдени диалогты дамытудағы маңызды рөлін тағы да дәлелдеді. Бұл іс-шаралар тәжірибе алмасуға, деректі киноны насихаттауға және медиа, коммуникация, өнер салаларындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Online қабылдау