2026 жылғы 16 мамырда «Тұран» университетінің Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебі жанындағы Аймақтық зерттеулер орталығы «Орталық Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азиядағы Қытай мен Америка Құрама Штаттары» тақырыбында халықаралық конференция өткізді. Бұл конференция 2015 жылы Бейжің университетінде алғаш рет ұйымдастырылған Қытай мен Таяу Шығыс елдерінің өзара іс-қимылы мәселелеріне арналған дәстүрлі конференциялар сериясының жалғасы болып табылады. Биылғы 6-конференция талқыланатын мәселелердің аймақтық ауқымын кеңейтіп, ғылыми пікірталастар тақырыбына бір жағынан Орталық және Оңтүстік Азияны, екінші жағынан АҚШ саясатын енгізді. Сондықтан қазіргі конференцияда ғалымдардың талқылау орталығында заманауи екі жетекші алпауыт держава – Қытай мен Америка Құрама Штаттарының контексіндегі Орталық Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия сияқты маңызды үш азиялық аймақтың геосаяси өзекті мәселелері болды.
Ғылыми форумның төрт сессиясында 34 баяндама тыңдалып, оларды әлемнің 16 елінен келген 43 зерттеуші мен сарапшы ұсынды. Атап айтқанда: Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР, АҚШ, Үндістан, Ресей, Ұлыбритания, Сербия, Словения, Түркия, Грузия, Намибия, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Индонезия және Швеция. Баяндамалар аталған аймақ елдерінің сыртқы саясаты мен геоэкономикасының жалпы және жекелеген мәселелеріне, әлемдік және аймақтық державалармен қарым-қатынасына, мемлекеттердің өзара іс-қимылының рөлі мен сипатына және халықаралық ұйымдардың қызметіне арналды.
Конференция жұмысына халықаралық қатынастарды зерттейтін әлемдік орталықтардың жетекші сарапшылары қатысты. Олардың қатарында Чэпел-Хиллдегі Солтүстік Каролина университетінің профессоры Клаус Ларрес Ричард (АҚШ), Нанкин университетінің профессоры Чжэнчунь Цзян (ҚХР), «Подар» халықаралық мектебінің директоры доктор Судханшу Наяк (Үндістан), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Фатима Кукеева (Алматы) және басқалар болды.
Конференция тақырыбының өзектілігін 2026 жылғы 13–14 мамырда Бейжіңде өткен АҚШ Президенті Дональд Трамп пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі айқын көрсетті. Конференция Түркиядағы Кападокия университетінің профессоры Тугрул Кескинмен бірлесіп ұйымдастырылды. Ол Қытай мен Таяу Шығыс арасындағы қатынастарға арналған алдыңғы ғылыми форумдардың бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болған. Қазіргі уақытта профессор Тугрул Кескин Аймақтық зерттеулер орталығында тағылымдамадан өтуші зерттеуші болып табылады.
«Орталық Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азиядағы Қытай мен Америка Құрама Штаттары» конференциясы Қазақстанның ғылыми өміріндегі маңызды ғылыми оқиғаға айналды. Оған «Халықаралық қатынастар» және «Аймақтану» мамандықтарының студенттері мен магистранттары үлкен қызығушылық танытып, конференцияда ұсынылған баяндамаларды тыңдады.