«Тұран» университетінің магистранттары Стамбулдағы Beykent University мен TeleNews телеарнасына ғылыми сапармен барды

7M03201 – «Журналистика» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары 2026 жылғы 4-18 наурыз аралығында Түркияның Стамбул қаласындағы Beykent University-де ғылыми тағылымдамасынан өтіп, тәжірибе жинады. Сапар магистранттарға халықаралық академиялық ортамен танысуға, сондай-ақ кәсіби медиа қауымдастықпен өзара әрекеттесу бойынша практикалық тәжірибе алуға жағдай жасады.

Тағылымдама аясында 7 наурыз күні студенттер TeleNews телеарнасына барды. Кездесу барысында телеарнаның бас директоры Махмуд Орал және редакция қызметкерлері арнаның құрылу тарихы, даму кезеңдері, тұжырымдамасы және негізгі қызмет бағыттары туралы кеңінен тоқталды.

Магистранттар телеарнаның 2025 жылғы 15 тамызда эфирге шыққанын және түркі елдеріндегі жағдаяттарды жариялауға маманданатыны жайында хабардар болды.

Редакция мен телестудия жұмысымен танысу магистранттардың ерекше қызығушылығын оятты. TeleNews қызметкерлері жаңалықтарды дайындауды, студия жұмысының ерекшеліктерін және тікелей эфирдің ұйымдастырылуын түсіндіріп берді. Сондай-ақ, магистранттар тікелей қосылым түсірілімін бақылау мүмкіндігіне ие болды.

Телеарнаға жасалған сапар магистранттарға заманауи телевизиялық журналистика мен медиапродакшн ерекшеліктерін тереңірек түсінуге, сондай-ақ кәсіби жаңалықтар редакциясы жұмысының қыр-сырын білуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, тағылымдама барысында магистранттар диссертациялық зерттеулеріне қажетті  эмпирикалық материалды жүйелеп, ғылыми жетекшілерден кеңес алып, Beykent University ғылыми кітапханасында нәтижелі ғылыми ізденіс жүргізді. «Тұран» университеті басшылығына және түркиялық әріптестерімізге көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдіреміз.

Online қабылдау