2026 жылғы 18 наурызда «Тұран» университетінде «Қазақстандағы Властимил Самектің 20 жылдық дипломатиялық қызметі: халықаралық диалог пен тұрақты дамуға қызмет ету жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара БҰҰ-ның Ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самектің кәсіби қызметінің мерейтойына арналды.
Дөңгелек үстел жұмысына дипломатиялық корпус, академиялық қауымдастық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Құттықтау сөзбен «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов сөз сөйлеп, Властимил Самектің халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге және БҰҰ мен мемлекеттік институттар, азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
Властимил Самек халықаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы медальмен марапатталды. Марапатты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және халықаралық ұйымдардың өкілдері табыстады.
Іс-шара барысында АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Мишель Еркин құттықтау сөз сөйлеп, Властимил Самектің халықаралық серіктестікті нығайтудағы және қоғамдық дипломатияны дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.
Жиын барысында Властимил Самектің Қазақстандағы 20 жылдан астам қызметі білім беру, адам құқықтары, әлеуметтік саясат және тұрақты даму салаларындағы маңызды бастамаларды жүзеге асыруға зор үлес қосқаны айтылды.
Қатысушылар Властимил Самекке алғыстарын білдіріп, алдағы қызметіне табыс тіледі.