ЖОО ректорлары үшін форум және ҚХР өкілдерімен мектеп директорлары үшін семинар өткізу туралы

Қазақстан мен Қытай университеттері ректорлары форумы

Алматы қаласы мен Алматы облысы мектеп директорларына арналған семинар

Алматы, 2025 жылғы 22 қыркүйек

 

22 қыркүйекте Алматы қаласында «Тұран» университеті Сычуань провинциясының Білім департаментімен (ҚХР), Алматы қаласы Әкімдігі және ҚР ЖОО қауымдастығымен бірлесе отырып ұйымдастырған ірі халықаралық білім беру форумы мен семинар өтті.

 

Түске дейін Алматы қаласы мектептері мен колледждері директорларына арналған семинар өтті, онда қытайлық және қазақстандық сарапшылар педагогтарды даярлау, цифрлық инновациялар және орта білім берудің болашағы мәселелерін талқылады. Семинар барысында негізгі білім беру мәселелеріне арналған баяндамалар жасалды. Алғашқы спикер – Сычуань педагогикалық университетінің ректоры Чжао Гохуа мәдениетаралық диалогтың маңыздылығын, интернационалдандырудың дамуын және әлемдік деңгейдегі кадрларды даярлауды атап өтіп, мәдениетаралық құзыреттердің ерекше рөлін көрсетті. Сычуань педагогикалық университеті жанындағы орта мектептің партком хатшысы Ху И ханым педагог пен оқушы арасындағы өзара әрекеттестіктің маңыздылығына тоқталып, мұғалім үшін басым бағыттарды айқындады.

 

Жалпы, семинар Қазақстан мен ҚХР мектептері арасында тәжірибе алмасу мен көпір орнатудың алаңына айналды. Іс-шара соңында қатысушыларға оқу жабдықтары мен сертификаттар табысталды.

 

Түстен кейін Қазақстан мен Қытай ЖОО ректорларының «Жоғары білімнің жаңа дәуірінде қытай-қазақ білім беру ынтымақтастығын ілгерілету» тақырыбындағы форумы өтті. Іс-шараға Қазақстан мен ҚХР жетекші университеттерінің ректорлары, Сычуань провинциясы губернаторының орынбасары Пубу Дуньчжу, Сычуань провинциясы Білім департаменті басшысының орынбасары Ши Цзин ханым, ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас консулы Цзян Вэй ханым, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қалдыбеков А.Б., Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Абдрахим Н.Е. және білім ұйымдарының өкілдері қатысты.

 

Форумда Сычуань педагогикалық, Сычуань ауыл шаруашылығы, Оңтүстік-Батыс ғылыми-техникалық университеттерінің ректорлары баяндама жасады. Қазақстан тарапынан Жетісу университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Қазақ спорт және туризм академиясы, Халықаралық білім беру корпорациясы және Алматы технологиялық университеті ұсынылды.

 

 

Ерекше мәнге ие болған салтанатты рәсімдер:

  • Сычуань және Қазақстан университеттері арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған келісімдердің таныстырылымы;
  • Қазақстан тарапына стипендиялық бағдарламалар сертификаттарын табыстау;
  • «Тұран» университеті базасында Сычуань–Алматы университеттері альянсының Қытай мәдениеті мен тілі орталығының салтанатты ашылуы.

 

Форум мен семинар Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және мәдени байланыстарды дамытуда маңызды қадам болып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, академиялық мобильділікті кеңейтуге және студенттер мен педагогтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға негіз қалады.

Online қабылдау