«Тұран» университеті Моңғолия университеттерімен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласындағы жұмыс сапарының екінші күні маңызды халықаралық кездесулермен және жаңа серіктестік бастамаларымен жалғасты. «Тұран» университеті мен Халықаралық экономика және бизнес университеті (IUEB) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

Қол қою рәсіміне Халықаралық экономика және бизнес университетінің ректоры, профессор Натсагдорж Халтар, «Тұран» университетінің халықаралық байланыстар және докторантура жөніндегі проректоры, профессор Гүлжанат Таяуова, маркетинг және қабылдау кампаниясы департаментінің директоры Дана Нұртаева, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің өкілдері қатысты.

 

Кездесу барысында тараптар білім беру, ғылым және академиялық алмасу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Әсіресе Қазақстан мен Моңғолияның жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды.

 

Сонымен қатар, Моңғолия ұлттық университетінің ғылым және ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Цэрмаа Баатарчулуун ханыммен кездесу өтті. Тараптар халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

 

Моңғолия ұлттық университеті – Моңғолиядағы жетекші және ең көне жоғары оқу орындарының бірі. Университет 1942 жылы құрылған және қазіргі таңда Моңғолияның ғылым, білім және зерттеу саласындағы маңызды академиялық орталықтарының бірі болып табылады.

 

Құжат бірлескен білім беру бастамаларын дамытуға, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуына, ғылыми зерттеулер жүргізуге және халықаралық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

 

Халықаралық экономика және бизнес университеті (IUEB) 1997 жылы моңғол және жапон ғалымдарының бірлескен бастамасымен құрылған. Университет халықаралық экономика, бизнес және халықаралық қатынастар салаларында мамандар даярлауға маманданған.

 

Кездесулер достық әрі конструктивті атмосферада өтіп, тараптардың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға деген өзара қызығушылығын тағы бір мәрте растады.

 

Меморандумға қол қою екі ел арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен серіктестік байланыстарды кеңейту жолындағы маңызды қадам болды.

Online қабылдау