2026 жылғы 16 мамырда Алматы қаласындағы «Тұран» университетінде Жоғары халықаралық қатынастар және дипломатия мектебінің жанындағы Аймақтық зерттеулер орталығы ұйымдастырған «China and the United States in Central Asia, the Middle East, and South Asia» атты VI Халықаралық конференция өтті.
Конференция жұмысына Қазақстан, Қытай, АҚШ, Үндістан, Ұлыбритания, Ресей, Швеция, Қырғызстан және басқа да елдердің ғалымдары, зерттеушілері мен сарапшылары қатысты. Іс-шараның ашылуында университет басшылығының өкілдері мен халықаралық қатынастар саласындағы жетекші мамандар құттықтау сөз сөйледі.
Конференция барысында Қытай мен Америка Құрама Штаттарының Орталық Азиядағы, Таяу Шығыстағы және Оңтүстік Азиядағы өзара іс-қимылының өзекті мәселелері талқыланды. Геосаяси үдерістер, энергетикалық қауіпсіздік, технологиялық трансформация және халықаралық ынтымақтастықтың болашағына ерекше назар аударылды.
Конференция төрт тақырыптық секция аясында өтті. Қатысушылар әлемдік саясат пен дипломатия саласындағы ғылыми баяндамаларын ұсынып, қазіргі халықаралық дамудың негізгі үрдістері жөнінде пікір алмасты.
Іс-шара қорытындысында стратегиялық әріптестік, өңірлік қауіпсіздік және тұрақты даму мәселелері қарастырылды. Конференция ғылыми диалогты нығайтуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды.