«Тұран» университетінің Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебі ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор Исмағамбетов Талғат Таңатарұлымен студенттердің кездесуін ұйымдастырды.
Философия ғылымдарының кандидаты Абрахматова Гүлнар Абрайқұлқызы Талғат Танатарұлын таныстырып, белгілі философ және саясаттанушыға тікелей сұрақтар қоюдың ерекше мүмкіндігін атап өтті. Кездесуге саяси ғылымдар докторы А.Т. Мұхамбедьярова, сондай-ақ, құқықтану және журналистика мамандықтарының 2-курс студенттері қатысты.
Қонақ «Ежелгі Грекия: элеаттар мектебі және қазіргі заман» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде философ соңғы үш ғасырдағы геометриялық жаңалықтарға сүйене отырып, не себепті б.з.д. VI ғасырда Парменид болмысты шар беті түрінде бейнелегенін түсіндірді. Сонымен қатар, элеаттар идеяларының Платон еңбектерінде жалғасын тауып, Аристотель мен оның шәкірттері логика мен биология ғылымдарын қалыптастырғаны туралы кеңінен баяндап берді. Кейінгі ғасырларда заттар әлемін зерттейтін ғылымдар кешені кеңейе түсті. Сондай-ақ кейінгі философия тарихы болмыс, идеялар әлемі және заттар әлемі арқылы түсіндіріледі. Қазіргі адам үшін шынайы заттар мен үдерістер әлемін көре білу, ал аудиовизуалды жалған алмастырулардың арбауына түспеу маңызды екені айтылды.
Кездесуге қатысушылардың барлығы философияның қазіргі өмірдегі маңызды рөлін атап өтті. Студенттер қонаққа қызықты әңгімесі мен өздерін толғандырған сұрақтарға берген жауаптары үшін алғыстарын білдірді.