«Тұран» университетінің командасы «IT-Innovation 2026» республикалық жобалар байқауында II орын алды

«Тұран» университетінің Ақпараттық технологиялар жоғары мектебінің студенттері «IT-Innovation 2026» инновациялық жобалар байқауында сәтті өнер көрсетіп, заманауи цифрлық шешімдерді әзірлеу бойынша жоғары деңгейлерін көрсетті.

«IT-Innovation 2026» байқауы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ұйымдастыруымен және оқу орнының 25 жылдығына орай өткізілді. Байқау ақпараттық технологиялар саласындағы талантты студенттерді анықтауға және қолдауға, сондай-ақ жасанды интеллект, веб және мобильді әзірлеу бағыттарындағы инновациялық жобаларды дамытуға бағытталған.

«Тұран» университетінен 6B06101 – Ақпараттық жүйелер білім беру бағдарламасының 3 және 4 курс студенттерінен құралған екі команда қатысты.

Идрисова Руфина Аблиакимовна, Шмарин Тимофей Константинович және Савгира Андрей Евгеньевичтен құралған команда «TuranUniBot» – студенттерге онлайн-консультация жүргізуге арналған интеллектуалды диалогтық агент жобасын ұсынды. Бұл жоба студенттер мен оқытушылар арасындағы өзара әрекеттесуді автоматтандыруға бағытталған заманауи AI-шешім болып табылады. Жүйе табиғи тілді өңдеу технологиялары мен ірі тілдік модельдерді қолдана отырып, пайдаланушыларға нақты уақыт режимінде интеллектуалды қолдау көрсетеді. Жобаның ерекшелігі – оның инновациялық сипаты, гибридті архитектурасы (генеративті ЖИ + детерминирленген логика) және практикалық маңыздылығы. Аталған жүйе оқу процесіне енгізіліп, білім беру ортасының тиімділігін арттыруға ықпал етуде.

Құрманбай Мұрагер Мұрасханұлы, Гайтинов Мухарам Рафаэльевич және Борибаев Жан Олжасұлынан құралған команда «BookSence» — кітаптарды талдау және ұсынуға арналған веб-платформа жобасын таныстырды. Бұл жүйе дәстүрлі рейтингтерге негізделген тәсілдерден айырмашылығы, пайдаланушылардың мінез-құлықтық әрекеттерін (ұнатулар, оқып аяқтау көрсеткіші, тізімдерге қосу) талдай отырып, әдеби шығармалардың сапасы мен танымалдығын объективті бағалауға мүмкіндік береді. Жоба аясында табиғи тілді өңдеу әдістері (TF-IDF, семантикалық эмбеддингтер), машиналық оқыту (K-Means кластеризациясы, LightGBM моделі) және аналитикалық визуализация құралдары қолданылған.

2026 жылғы 10 сәуірде өткен жобаларды қорғау нәтижесінде Идрисова Руфина Аблиакимовна, Шмарин Тимофей Константинович және Савгира Андрей Евгеньевичтен құралған команда құрметті II орынды иеленді. Ал Құрманбай Мұрагер Мұрасханұлы, Гайтинов Мухарам Рафаэльевич және Борибаев Жан Олжасұлы командасы белсенді қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

Командалардың ғылыми жетекшісі – техника ғылымдарының кандидаты, «Тұран» университеті Ақпараттық технологиялар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Ким Екатерина Романовна.

Студенттердің бұл жетістігі «Тұран» университетінде жасанды интеллект және цифрлық шешімдерді әзірлеу саласындағы дайындық деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан жобалардың практикалық маңыздылығын көрсетеді.

Командаларды және ғылыми жетекшіні лайықты нәтижемен құттықтаймыз және ғылыми әрі жобалық қызметте жаңа жетістіктер тілейміз!

Online қабылдау