Тұран университеті Құқық жоғары мектебінде студенттерді, түлектерді және заң саласындағы жетекші ұйымдардың өкілдерін біріктірген мансаптық нетворкинг пен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Аталған іс-шара кәсіби қарым-қатынас орнатуға, тәжірибе алмасуға және жас мамандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Жәрмеңкеге сот органдарының, прокуратура, адвокатура, нотариат өкілдері, заң компаниялары мен құқық саласындағы өзге де ұйымдардың мамандары қатысты. Қатысушылар студенттерге өз қызметтерінің ерекшеліктері, жас мамандарға қойылатын талаптар, кәсіби даму мүмкіндіктері және заңгер мамандығының қазіргі даму бағыттары туралы кеңінен ақпарат берді.
Іс-шара бітіруші курс студенттерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Олар үшін бұл жәрмеңке әлеуетті жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға, мансап қалыптастыру бойынша кеңес алуға, сондай-ақ өзекті бос жұмыс орындары мен тағылымдамадан өту бағдарламаларымен танысуға мүмкіндік берді. Ашық пікір алмасу барысында студенттер өндірістік тәжірибеден өту, жұмысқа орналасу шарттары және сұранысқа ие кәсіби дағдылар жөнінде сұрақтар қойды. Мансаптық нетворкинг қатысушыларға кәсіби байланыстарын кеңейтіп қана қоймай, тәжірибелі мамандардан пайдалы ұсыныстар алуға да мүмкіндік жасады. Көптеген студенттер үшін бұл іс-шара табысты кәсіби жолдың алғашқы қадамы болды. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар қатысушылар сұхбаттасуға шақырту алып, алдағы ынтымақтастық жөнінде ұсыныстарға ие болды.