XII Халықаралық EMI конгресі: ғылым мен халықаралық ынтымақтастықтың жаңа белесі
2026 жылғы 10–12 маусым аралығында Алматы қаласындағы «Тұран» университетінің базасында XII Халықаралық EMI кәсіпкерлік және әлеуметтік ғылымдар конгресі өтті. Конгресс кәсіпкерлік, экономика, менеджмент, білім беру және әлеуметтік ғылымдар салаларындағы ғалымдар мен сарапшыларды біріктіретін беделді халықаралық ғылыми алаң ретінде өз мәртебесін тағы бір мәрте растады.
Конгрестің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мен шетелдің жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, зерттеушілер, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конгрестің маңызды оқиғаларының бірі «Тұран» университеті мен Халықаралық Түркі мемлекеттері университеті (International Turkic States University) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі болды. Құжатқа қол қою екі университет арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын арттыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
Биылғы Конгреске әлемнің 27 елінен келген ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Олардың қатарында Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Грузия, Норвегия, Пәкістан, Румыния, Болгария, Корея Республикасы, Уганда, Бангладеш, Аргентина, Бразилия, Үндістан, Бахрейн Корольдігі, Мальта, Жаңа Зеландия, Иран, Ливан және Сенегал мемлекеттерінің өкілдері болды.
Конгресс аясында 131 университет пен ғылыми-білім беру ұйымдарының 283 авторы дайындаған 225 ғылыми баяндама ұсынылды. Пленарлық және секциялық отырыстар барысында қатысушылар кәсіпкерлікті дамыту, цифрлық трансформация, инновациялық басқару, тұрақты даму, білім беру жүйесін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастық және әлеуметтік ғылымдардың заманауи бағыттары мәселелерін талқылады.
Конгресс ғылыми қауымдастық өкілдерінің тәжірибе алмасуына, жаңа зерттеу бастамаларын қалыптастыруға және халықаралық серіктестікті нығайтуға ықпал етті. Қатысушылар арасында ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізу, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту және халықаралық жобаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.
EMI Конгресі 2018 жылдан бері өткізіліп келеді және осы уақыт аралығында Түркияда, Солтүстік Кипр Түрік Республикасында, Солтүстік Македонияда, Босния және Герцеговинада, Өзбекстанда, Румынияда және Қазақстанда ұйымдастырылды. Конгрестің бүкіл тарихында әлемнің әртүрлі елдерінен келген 3 755 ғалым дайындаған 2 345 ғылыми баяндама ұсынылған.
XII Халықаралық EMI конгресінің Қазақстанда өткізілуі халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, білім мен ғылым саласындағы озық тәжірибелермен алмасуға және қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық беделін арттыруға елеулі үлес қосты.
«Тұран» университеті Конгрестің барлық қатысушыларына, серіктестеріне, ұйымдастыру және ғылыми комитет мүшелеріне жемісті ынтымақтастық пен іс-шараның табысты өтуіне қосқан үлестері үшін алғысын білдіреді. Университет алдағы уақытта да халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға және әлемдік академиялық қауымдастықпен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.